14.06.2016, 17:48
Оқылды: 68

Құлпытастар – құнды тастар

????????????????????????????????????

  Батыс Қазақстан облысында XVIII – XX ғасыр ескерткіштері – құлпытастарды зерттеу бойынша жұмыстар қолға алына бастағаны баршамызға белгілі. Осы жұмыстарға жергілікті жерде көмектесу және өз өлкеміздегі көне қорымдардағы құнды тастар болып саналатын құлпытастарды зерттеу мақсатында Теректі  ауданында да аудан әкімшілігінің қолдауымен экспедиция құрылып, жұмысын бастады.

 Алдымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директорының орынбасары Р.Булатова бастаған экспедиция мүшелері Подстепный селолық округінде  болды. Аталмыш округ әкімінің орынбасары Т.Манатауов ауылдағы құлпытастарды зерттеуге қолдау білдіріп, экпедиция мүшелеріне қосылды. Округтен 3 шақырым жерде орналасқан Төңкержол қорымында 10 ескі құлпытас бар екен. Олардың барлығы төрт ракурстан суретке түсіріліп, экспедиция мүшелерінің күнделігіне жазылды. Дегенмен, аудан бойынша ең үлкен округ саналатын Подстепныйда осыдан артық құлпытастар жоқ делінді. Бұл ақпарат сенуге көп келіңкіремейді.


  Аудандық экпедиция жол тартқан Ақжайық селолық округінде керісінше, құлпытастардың саны өте көп. Округ әкімі М.Дүйсенғалиев және ауыл имамы Е.Самиғоллаұлымен бірлескен жұмыстар жақсы дәрежеде өтті деуге болады. Ақжайық ауылының Қазақстан деген көшесінде орналасқан зиратта құлпытастардың біразы  жақсы күйде сақталған. Сонымен қатар Жасталап мәйітінде де құнды тастардың саны едәуір. Округ орталығынан 4-5 шақырым Институт деп аталатын нүктеде құлпытастардың көбі сынған және жазулары өшіріле бастаған екен. Уақыттың ағынына шыдас бермей құлап жатқандары да бар. Осы көріністі округ орталығынан 25 шақырым Қалмақ деп аталатын қорымнан да көруге болады.  Экпедиция мүшелері Абай ауылындағы Бәтекен мәйітін, Сүттігенді, Подхоз ауылындағы қорымдарды, Әулие Мыңбай ата қорымын толық аралап, суретке түсіріп алды. Енді бұл жұмыстардың барлығы облысқа жіберіліп, жоғары деңгейде зерттеледі деп күтілуде.

   Айта кететін бір жайт, көптеген селолық округтер осы жұмысқа селсоқ қарауда. Осыған дейін тек Социализм ауылындағы құлпытастар жинақталды.  Ал басқа округтер «жоқ» немесе «білмейміз» деген бір ауыз сөзбен сауапты істің басын қайыруда. Бабаларымыздың өткенін білу – балаларымыздың болашағына оң әсер тигізеді. Сондықтан экспедиция жұмысы осымен  тоқтап қалмай, жалғасын тапса дейміз.

www.zhaikpress.kz
Әділет ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале