1.06.2015, 18:20
Оқылды: 22

Құрбандардың рухына құрмет

Jymagazi kaziret basi  Заманында «діндарсың» деп айыпталып, патша үкіметінің езгісіне тапталып, саяси-қуғын сүргін құрбаны болғандардың бірі халық арасында Дәдем ата аталып кеткен Жұмағазы хазірет еді. Жұмағазы хазіреттің кесенесінде былтыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы өткен болатын. Бұл шара биыл да жалғасын тауып, Дәдем ата басында жиын өтіп, ату жазасына тартылған азаматтардың рухына құран бағышталып, ас берілді.

Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы, БҚИГУ, «Ақ жол» ҚДП Батыс Қазақстан облыстық филиалы, Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қоры, «Дәдем ата-Жұмағазы хазірет» қоры, М.Ықсанов атындағы облыстық қоғамдық қор аталмыш шараны ұйымдастырды.
Алдымен аруақтарға құран бағышталып, «Дәдем ата-Жұмағазы хазірет» қорының төрағасы Ғарифолла Жанбозов кіріспе сөз сөйледі.

Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Дәметкен Сүлейменова «Қазақтың атылған қызы Шаһзада Шонанова» атты тарихи тың деректерге толы баяндамасымен жиылған жұртты елітті. БҚИГУ-дың тарих мамандығының студенті М.Айбосынова «Саяси қуғын-сүргін тарихы және Батыс Қазақстан» баяндамасын жасады. БҚИГУ-дың студенттері өлең оқыды.

Қаратөбе ауданының ішкі саясат бөлімі аудан әкімшілігі атынан тарихқа ден қойып, алаш арыстарының сырына үңілген бір топ жастарды марапаттады.
Түс мезгілінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін ас беріліп, дұға бағышталды. Одан кейін саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарындағы ел басына төнген нәубет жайында жан түршіктірерлік бейнефильм көрсетілді.

www.zhaikpress.kz
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале