26.09.2015, 10:08
Оқылды: 23

Құрбан айтпен құттықтады

oblis aakimi kyrban aitpen kyttiktadi 24 қыркүйек — барша мұсылманның ең ұлық мерекесі  – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Өңірімізде бұл мереке ең әуелі айт намазын оқумен басталды. Облысымыздағы мешіттерде айт намазы таңғы сағат 8.00-де оқылды. Орал қаласындағы орталық мешіттегі айт намазына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

- Құрбан айт мерекесімен батысқазақстандықтарды құттықтаймын! Алла Тағала баршаның тілекдұғаларын, шалатын құрбандықтарын қабыл қылғай! Облысымыздың тұрғындары Елбасымыздың бейбітшілік, рухани келісім бағытында жүргізіп отырған саясатына толық қолдауын көрсетіп, республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына да өзіндік үлестерін қосуда. Лайымда, аспанымыз ашық, еліміз тыныш, көрер қызықтарымыз көп болып, айттан айтқа аман-есен жетуге жазсын, — деді Нұрлан Асқарұлы.

Облысымыздағы өкіл имам Рүстем Сұлтанов Құрбан айттың қадір-қасиеті, құрбан шалудың шарттары жөніндегі уағыз айтып, елімізге ырыс-береке, игілік тіледі.

Айт намазы оқылғаннан кейін облыс басшысы өз отбасының атынан құрбан шалды. Содан кейін мешіт ауласының артқы жағында құрбандыққа мал әкеліп сатып тұрғандармен дидарласты. Мәселен, Сейілхан Ақмамбетов Қаратөбенің Қалдығайты ауылынан келіп тұр. «Алтынай» шаруа қожалығында қызмет жасайды. Жыл сайын Құрбан айтқа қой әкеліп сатады. Бұл жолы 27 басты саттыққа шығарды. Бір-екі сағаттың ішінде оның он шақтысы өтіп кетті. Қойдың бағасы қолжетімді. 15-25 мың теңге аралығында. Саудаласқан жандарға одан да төмен бағаға беріп жатқан жәйі бар. Жыл өткен сайын құрбан шалатындардың қарасы көбейіп келе жатқандығының куәсі болып жүр. Биыл мал сатушылар саны едәуір көп. Мұнда елдің шетіндегі Бөкей ордасынан арнайы келген шаруашылықтар да аз емес. Солардың бірі — Бөрлі ауылдық округіндегі «Шафхат» шаруа қожалығы. Олар мұндай шараға алғаш қатысуда. Қожалық жетекшісі Жанболат Гамматов құрбан шалып жүрген азамат. Сол себепті шариғат талаптарына сай келетін ұсақ малдарды іріктеп әкелген, оларды құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер жоқ. Бұл жерден мал сатып алып жатқандар да жетерлік. Қала тұрғыны Еділбай Сатыбаев бағаның ондай қымбат еместігіне риза. Зеленов ауданының тұрғыны Тұрсын Хайдарованың айтуынша, құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Содан кейін облыс әкімі облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығмет пен өкіл имам Рүстем Сұлтановқа мал сатып жатқан аумақтың санитарлық-гигиеналық тазалығына жете мән беруге тапсырма берді.

www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

“Орал өңірі”

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале