26.09.2015, 15:53
Оқылды: 16

Құрбан айт ұлықталды

Janibek kyrban ait yliktaldi    Жәнібек аудандық мұсылмандар мешітінде Құрбан айттың алғашқы күніне орай мерекелік шаралар оздырылды. Аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат Абдуғалиев жиналған қауымға айт намазының маңызы және құрбан шалу жайында уағыз айтқан соң, ауылдың Төлеп Көбейсінов, Қабаш Жүнісов, Карл Батыров сынды ақсақалдары бастаған жас-кәрісі айт намазына тұрып, сәждеге бас иді.

Айт намазы оқылып біткеннен кейін ырзық, ырыс үшін құрбан шалынды. Бұдан соң аудан әкімі Мұрат Мұқаев мешітке келген көпшілікті қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, әр шаңыраққа амандық, зор денсаулық тіледі. Жиында аудан мұсылмандарын мерекемен құттықтап, аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат Абдуғалиев сөз сөйледі. Жәнібек ауылының тұрғыны Манарбек Досымов ұлық мерекеге арнап, мұсылман жамиғаты атынан бас имамға жылқы сыйлады.

Аудан орталығындағы Құрбан айт мерекесіне арналған шарада спорттық шаралар оздырылды. Атап айтар болсақ, қол күресінен өткізілген сайыста бірінші орынды Нұртілек Мизамбаев ешкімге дес бермей жеңіп алса, мылтық атудан Жәнібек Бисекешов «құралайды көзге атқан мерген» атанды. Қой көтеруден Ғалым Мақсот алдына жан салмай, бірінші орынды иемденіп, көтерген қойын құрбанға шалу үшін мәрттік танытып,мешітке сыйлады.Ауданда алғаш өткізіліп отырған ат үстіндегі тартыспақ ұлттық ойынынан Ертай Жұмабаевқа тең келер ешкім болмады. Арқан тартудан аудан әкімдігі командасы бірінші орынға ие болса, жасөспірім балалар арасындағы асық атудан Расул Қадешовтың мерейі үстем болды. Спорттық шара соңында жеңімпаздарға диплом, медаль және бағалы сылықтар табыс етілді.

www.zhaikpress.kz

                                                                                       Н.Өтей.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале