26.09.2015, 16:04
Оқылды: 19

Құрбан айт өтті дүркіреп

Janakal kyrban ait otti dyrkirep   Жаңақаланың сары алтындай сары даласынан күміс шапақты күннің дидары қылаң бере аудан орталығында абыр-сабыр басталды. Жұрттың бәрі Алланың үйіне ағылып жатты. Көлікке мінгендері бар, шайтанарбамен жүргендері бар, жаяу-жалпысы бар, бәрі орталық мешітке жиналды.

Жүрегінде иманы, тілінде «кәлимасы» бар мұсылман жамағатына аудандық мешіттің бас имамы Мұратбек қажы Жахатов асыл дініміздің алуан түрлі құндылықтарынан насихат айтып, барша жұртты қасиетті күнмен құттықтады. Содан соң сағат 8:30-да Айт намазы оқылды. Биыл да бір қуанарлығы мешіт іші жамағатқа толы болды. Айт намазы оқылып болғасын жергілікті халықты аудан әкімі Лавр Хайретдинов қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Сосын Алла разылығы үшін көңіл хошымен құрбандарын алып келгендер мешіт ауласында арнайы дайындалған орынға жиналып, дұға етілгеннен кейін малдарын бауыздап қан шығарды. Құдай жолына құрбан шалумен қатар халық арасында веложарыс, қазақша күрес, кір тасын көтеру, қол күресі сынды спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Және де жеңімпаздарға ақшалай сыйақылар табыс етілді.

Қасиетті күні «Айт қабыл болсын» деген жұрт бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, қуанышты жүзде тарқасты.

www.zhaikpress.kz

Алтынбек Ермекқалиев

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале