30.12.2015, 16:26
Оқылды: 26

Құрметті батысқазақстандықтар!

   Жаңа 2016 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

 nogaebvv  2015 жыл, шын мәнінде, еліміздің тарихына алтын әріптермен жазуға тұрарлық жыл болды деп айтуға толық негіз бар. Осы жылы мемлекетіміз Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын, ҚР Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын кең көлемде атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан экономикасы да еңселі биіктерге көтерілді. Алда бізді әлі де болса, жаңа белестер күтуде.


   Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСІМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын!

     Біздің тірегіміз - тәуелсіздік, тілегіміз - тұрақтылық, білегіміз - бірлік!» деп атап өтті.

    «ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСІМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ» атты Жолдауы - елдігіміздің тұғырлы Мәңгілік ел болуға бастайтын жасампаз құжат.

   Әр пенденің жыл құсындай келетін Жаңа жылдан жақсы үміт күтетіні белгілі. Ендеше, төрімізге енгелі тұрған 2016 жыл бүкіл қазақстандықтармен бірге қасиетті Жайық елі үшін де ерекше жыл болады деген сенімдеміз. Өйткені бұл жыл ұлы бастамалардың жаңа биігіне шығар кезекті сатысы болмақ.

   Жаңа жылды қашан да алдағы уақыт көшінен қуаныш, жақсылық, жағымды жаңалық күтетін, өткен өмір жолымызға есеп беретін, келешек бағыт-бағдарымыз бен мақсат-міндеттерімізді белгілейтін, үміт, сенім мерекесі ретінде күтеміз.

   Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрқайсысыңызға бақ-береке, халқымызға игілік, мемлекетімізге молшылық, әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін!

        Батыс Қазақстан

                                                                        облысының әкімі                             Нұрлан НОҒАЕВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале