30.09.2016, 20:01
Оқылды: 28

Үздік білім меценаттары марапатталды

????????????????????????????????????

Мектеп жасындағы балалардың орта біліммен толық қамтылуына жағдай жасау мақсатында еліміз бойынша дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатырған «Мектеп жол» акциясы биыл да өз жалғасын тапты. «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен оздырылған қайырымдылық шарасы Зеленов ауданында да қарқынды жүзеге асырылды.


  Аудан әкімі Кәрім Жақыповтың тікелей қадағалауымен оздырылған акцияға ауданның кәсіпкерлері мен тұрғындары және ауылдық округ әкімдері белсене қатысты. Жыл басында аз қамтылған, мектепке баруға мүмкіншілігі болмай жүрген 3 мың баланы оқуға қажетті барлық құралдармен қамтамасыз етуді мақсат еткен ел ағалары жоспарды асыра орындап, 3645 балаға15,5 миллион теңгенің көмегін көрсетіпті. Аталған қаражаттың 9 миллионын жергілікті меценаттар бөлген.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын көресін» деген дана халқымыздың нақылын ескерген аудан кәсіпкерлеріне ризашылық білдіру үшін Зеленов ауданының білім беру бөлімі үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Ел болашағы балалар үшін тапқан қаражатын аямайтын жандарды елге танытуы мақсат еткен шара басында аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов сөз алып, қайырымдылық жасауды ұмытпайтын кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді. Кейін сахна төріне «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров пен білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин көтеріліп, Новеньков мектебінің оқушыларына көмек көрсеткен Ольга Попова, рубежиндік балаларды керекті құралдармен қамтыған Юрий Ермолаев пен Рафаэль Амирханян сияқты кәсіпкерлерді «Жігерлі меценат» аталымымен марапаттады. Сондай-ақ шара барысында аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов Январцев мектебіне көмегін аямаған Абай Жанғалиев, Раздолныйлық балаларды қуантқан Владимир Щевчук және ауданның барлық мектебіне көмек қолын созатын Иван Енютин сияқты жандарға «Мейірімді меценат» аталымын ұсынды.

Кеш барысында аудан мектептерінің оқушылары мен ұстаздары көмек қолын созуға әрдайым әзір тұратын қайырымды жандарға әндерін арнап, әдемі көрініс көрсетіп, өлеңдерін оқыды.

Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов пен аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы, еңбек ардагер Любов Шмарина Ульяновск, Зеленов, Шалғай, Новень мектеріне көмегін аямайтын Қайыржан Киргенев, Қасым Ахмиров мектебінің оқушыларын керекті құралдармен қамтитын Бейбіт Асанов және ауданның барлық мектебіне қолынан келген көмегін көрсетіп жүретін Мұрат Жәкібаевтарға «Үзді меценат» атағын табыстады.

«Қуанса, бала қуансын»,-деп жүретін меценаттардың еңбегін елеп, қайырымдылықтарына ризашылық білдірген концерт соңы ұстаздар хорының орындауындағы «Атамекен» әнімен жабылды.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале