20.12.2015, 13:07
Оқылды: 1714

Үздік жастарды марапаттау рәсімі өңір басшысының құттықтау сөзімен басталды (ФОТО)

jil yzdigi01    Жұма күні Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда өңіріміздің үздік жастары марапатталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.


     Марапаттау рәсімі өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың құттықтау сөзімен басталды.

     -Қайырлы кеш, құрметті жастар! Сіздерді біріншіден, күні кеше ғана барша еліміз боп тойлаған Тәуелсіздік Күнімен құттықтаймын. Баршаңызға мықты денсаулық тілеп, бастарыңыз аман болсын деймін. Жыл аяғында барлық саладағы жұмыстарды қорытындылап, сараптама жасау дәстүрге айналды. Осындай қорытынды нәтижесінде  биыл да өңір жастарының үздіктері анықталды.  Бүгінгі кеш жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарды марапаттауға арналады.

jil yzdigi04

    Жастар - еліміздің бүгіні мен ертеңі, болашағы. Ел ертеңі – жастардың қолында. Жастардың қоғамда алар орны ерекше. Өйткені, олар жаңашыл, ересектердің жүрексінетін ісін олар еш ойланбастан батыл жүзеге асыруға әзір. Жастардың осы қасиеті қоғам дамуында ерекше маңызды. Өздерінің ауқымды жұмыстарымен, қарқынды қимылдарымен еліміздің өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне үлкен үлес қосып жүрген жастар біздің өңірімізде де жетіп-артылады.  Қазіргі таңда өңірімізде 150 мың жас бар. Облыста 88 жастар ұйымы тіркелсе, соның 25 пайыздан астамы ауылдарда. Облыста  жастар ресурсы орталығы ауқымды жұмыс атқаруда. Жастар ұйымы құрамында жұмыс жасап жүрген өрімдей жігіттер мен қыздар Елбасы тапсырмаларын орындай жүріп, өздерінің біліктіліктерін арттыруда, ізгілік көкжиегін кеңейтуде. Олар алдыңғы толқын ағаларымен ақылдаса жүріп, қоғамның дамуына үлкен үлес қосуда.

jil yzdigi05

    Құрметті жастар, Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары мен стратегиялық жоспарлары бізге бағыт-бағдар беретін бағдаршам іспеттес. Бұл құжаттарда қай жолмен жүру керек, халқымыздың бай-бақуатты ғұмыр кешіп, мемлекет қуатын арттыру үшін не істеу керектігі түгел жазылған. Бізден талап етілетін нәрсе, бұл - ұлтына, тіліне, діліне, жасына қарамастан, барша Қазақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе қимылдау керек, еліміздің дамыған 30 мемлекет қатарына енуі үшін ынтымақтаса жұмыс істеуіміз керек. Елбасы бағдарламасын лайықты таңдап, оны бойларына сіңіре білген  жастарға қашан да жол ашық. Әркім өз болашағын өзі жасауы тиіс. Жастардың Отан, Ана, Ел, Президент деген ұғымды ту етіп көтеріп, елімізге адал қызмет етуді мақсат тұтып  жүргенін өз басым түрлі шаралар барысында, кездесулерде көріп, соған куә болып  жүрмін. Жастар, сендер тек өздеріңе сеніп, адал еңбек етсеңдер, сендерге еш кедергі жоқ. Маңдай терлеріңді төгіп істеген жұмыстарың сендерге тек қана абырой әкеледі, елдің мақтанышы, өз ісінің үздігі деген атақ әпереді.

    Ал енді бүгінгі кеште ерен еңбегімен көзге түсіп, үлкен жетістіктерге жеткен үздік жастарды марапаттарымен шын жүректен құттықтап, жұмыстарына жеміс тілеймін, -деген  өңір басшысы осы кешке жиналған барша бозбала мен бойжеткенге ақжолтай ақ тілегін арнады.

jil yzdigi03

   Бұдан соң марапаттау рәсімі басталып, «Жыл үздігі -2015» жастар сыйлығы 12 аталым бойынша биыл ерекше еңбектерімен дараланған жастарға табыс етілді. «Үздік жастар ұйымы» атағын БҚМУ-дың «Ақиқат» жастар ұйымы алса, Ербол Ибрашев (БҚМУ) - «Үздік студент», Сайын Жанат (№7 орта мектеп) – «Үздік жас спортшы», Ерлан Бекчурин-«Үздік жас өнерпаз», Гүлден Өтепова («Қазақстан –Орал» телеарнасы) –«Үздік жас тілші», Толғанай Құсмағанбетова (№4 емхана дәрігері) - «Үздік жас дәрігер», Ақтолқын Қисымова (Теректі лингвистикалық «Үміт» гимназиясы) -«Үздік жас ұстаз»,  Жасқайрат Аймұрзин – «Үздік жас тәртіп сақшысы»,  Дмитрий Сорокин - «Үздік жас көшбасшы», Асхат Бекқалиев –«Үздік жас ғалым», Жоламан Есетов – «Үздік жас  кәсіпкер» атанды. Ал «Жыл жаңалығы» аталымы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның жас әншісі Данияр Рахметжановқа табыс етілді.

 www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале