28.08.2015, 16:43
Оқылды: 25

Үздік тауарлар Астанаға жолдама алды

Jayiktin yzdik tauari      Бейсенбі күні «Қазақстанның үздік тауары - 2015» аймақтық көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды. Үздік деп танылған кәсіпорындар желтоқсанда өтетін республикалық шарада облысымыздың намысын қорғамақ.

Облыстық қазақ драма театрында өткен  көрме-байқауды бұл жолы облыстық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырды. Оған өңіріміздің 23 кәсіпкерлік субъектісі қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Олар үш аталым бойынша сынға түсті. Яғни «Халық тұтынатын үздік тауар» аталымы бойынша 10 кәсіпорын байқауға қатысуға ниет танытса, сегізі «Үздік азық-түлік тауары» аталмында бағын сынады, қалғаны «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» өндіретінін дәлелдеуге тырысты. Биылғы шараның тағы бір ерекшелігі – оған ауылдан келген жеке кәсіпкерлер көп қатысты. Солардың бірі – баспа өнімдерін шығарумен айналысатын «Есетов» ЖК. Қазталов ауданында орналасқан бұл кәсіпкерлік субъектісі аталмыш байқауға алғаш рет қатысуда.  Кәсіпорын жетекшісі Жоламан Есетов байқаудан жақсы әсер алған. Әріптестерімен танысып, өнімнің жаңа түрлері, сапасы турасында пікір алмасты. Енді тұрақты түрлде келуге тырысады. Былтыр «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 800 мың теңге көлемінде грант алып, өз істерін бастаған жеке кәсіпкер жарнамалық, ақпараттық банерлер дайындайды, тойға, туған күнге шақыру билеттерін, өзге де безіндеру құралдарын шығарады, компьютерлік қызметтер көрсетеді. Сұраныс жоғары, аудандағы 54 білім мекемесімен байланыс орнатқан. Көрші Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарымен жұмыс істеуде.

- Отандық тауарөндірушілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан бұл көрме-байқаудың маңызы зор. Мұндай шара олардың сапалы, бәсекеге қабілетті өнім шығаруына мүмкіндік береді. Жаңа көрмені аралау барысында ауылдық жерден келген кәсіпкерлердің ұсынған түрлі өнімдерін көріп риза болдық. Қолжеткізген табыстарға марқайып, бір орында тұрып қалай, ізденіп, еңбек етіп, өз істеріңізді дамыта берулеріңізге тілектеспін. Бұл сіздің кәсіпорындарыңыздың ғана емес, еліміздің экономикасының да нығаюына оң әсерін тигізері сөзсіз, - деді шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.

Конкурстық комиссияның бағалауы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымы бойынша «Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС жеңімпаз болса, «Стекло-Сервис», «АрАи» серіктестіктері жүлдегер атанды. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымына  Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы лайық екенін дәлелдеді. «Алтим-Стойдеталь» мен «Наноблок» ЖШС-лары ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Ал «Үздік азық-түлік тауарларын» өндіруші болып «Агропродкут ЛТД» серіктестігі танылды. «Родник» фирмасы мен «Нұржанар» АҚ қалған жүлделі орындарды бөлісті. Міне, осы тоғыз компания жыл соңында республикалық көрме-байқауға қатысып, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуғы үмітті.

www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале