26.08.2016, 16:52
Оқылды: 15

Үздік тауар өндіретін кәсіпорындар анықталды

Үздік тауар өндіретін кәсіпорындар анықталды    Облыстық қазақ драма театрында «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық байқау-көрмесі өтті. Жеңімпаз кәсіпорындарды облыс әкімі Алтай Көлгінов марапаттады.


  Облыстық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған аталмыш шараға өңіріміздегі 18 кәсіпорын қатысты. Олардың үштен бірі бұл байқау-көрмеге алғаш рет келіп отыр. Биыл ірі және орта бизнес субъектілерімен қатар, жеке кәсіпкерлік өкілдері де кеңінен тартылғанын айтып өткен жөн. Ал ауылдық жерден аттерлетіп келгендердің ішінде бөкейордалықтар, қазталовтықтар және қаратөбеліктер бар.

    -Бұл байқау-көрменің мақсаты елімізде жасалған тауарларды қолдау әрі оны көпшілікке кеңінен таныстыру. Бүгінгі шараға балаларға арналған құрал-жабдықтардан бастап, құрылыс, мұнайгаз, ауыл шаруашылығы, медицина салаларына арналған түрлі бұйымдар, жаңа технологиялар қойылған. Жыл өткен сайын мұнда әкелінетін тауарлардың түрі көбейіп, сапасының артып келе жатқандығының куәсі болып жүрміз. Батысқазақстандық кәсіпкерлер де өз еңбектері арқылы өңіріміздің, республикамыздың атын әлемге кеңінен шығарып жүргендігі бізді қуантады. Сол үшін оларға өз ризашылығымды білдіремін. Өздеріңіз білесіздер, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асуда. Соның арқасында көптеген жан өз кәсіптерін ашып, елдің берекесінің артуына үлестерін қосып жүр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады,-деді шара барысында сөз алған Алтай Сейдірұлы.

   Шараға қатысушы кәсіпорындар биыл да үш бағытта сынға түсті. Сараптау комиссиясының қорытындысына сәйкес «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» аталымы бойынша жоғары сапалы газ жабдықтарын шығаратын, аталмыш байқауға алғаш рет қатысып отырған «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Ал «Үздік азық-түлік тауары» мен «Тұрғындарға арналған үздік тауар» аталымдарында «Фирма Родник» және «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» серіктестіктері өзгелерден озық деп танылды.

 

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале