26.08.2016, 11:07
Оқылды: 89

Үзілдік Елеубайқызының «Ауылда менің ғұмырым» атты кітабының таныстырылымы болды

АуылГумыр  Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта ақын-ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызының «Ауылда менің ғұмырым» атты кітабының таныстырылымы болды.


Жер-жерден оның әріптестері, туып-өскен Сайқұдық ауылынан өкілдер, жырсүйер қауым жиналған шарада аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова сөз сөйледі. Ол республика педагогтарына мәлім «Жұбантану курсының» авторы, бүкіл еңбек жолын Жайықтың сол жағалауындағы Құрайлысай ауылдық округінің Сайқұдықтағы орта мектепте жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне жұмсаған, кезінде айтыстан республикалық сахналарға шыққан, бүгінде абзал ене, сүйікті әженің еңбекқорлығына жылы лебізін арнады. «Үзілдік Елеубайқызының Ұлы Абай мен Жұбан үндестігін зерттеуі, Жұбан ақынның шығармаларын мектеп оқушыларына ауыл өмірімен байланыстыра оқытуы Сайқұдығынан суарылған күш-жігерін айқын танытады. Осындай жанның жүрегінен рухты, өршіл жырлар тумау мүмкін емес те. Қамшы сап қысқа ғұмырда адамдар арасындағы сыйластықтың алаулауы, атамекеннің келешегі үшін маңдай тер төгу, етектен тартқан енжарлық, салақтық секілді қырсықтардан арылу, міне, ақын-ұстаздың өлеңдері бізді осыған меңзейді. Ал бүгін жұртының қолына тиіп отырған «Ауылда менің ғұмырым» атты кітабы бүкіл еңбек жолының және үмітінің, арманының түйініндей деп есептеймін»,-деді Меңзипа Дүйсенбайқызы.

«Ілінбей таңға кірпігім», «Жұбан деп таппай бір тыным», «Ел деген алтын тұғырым» атты бөлімдерден тұратын, Орал қаласындағы «Шұғыла Принт» баспасынан шыққан кітаптаавтордың жылдар жүзінде жырсүйер қауымды тебіреткен, ойлантқан жырлары, өзі батасын алған Жұбанның азаматтығын, алыптығын кейінгі толқынға таныту үшін ақ параққа түсірген толғамдары, естеліктері, Сайқұдығына деген маздаған махаббаты, еңбек адамдары туралы мақалалары, фотошежіре топтастырылған. Таныстырылымда ақын Сағынтай Бисенғалиев, Ү.Елеубайқызының сыныптасы, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, өнерде, өмірде қатар жүрген сапарласы Қатимолла Бердіғалиев, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Тілес Жазықбай, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы кеңесінің төрағасы Максим Үмбеталиев, жас ақын Бекболат Қаленов, Құрайлысай ауылдық округі қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Наурызбай Әбілқайыров, осы округтің әкімі Асылбек Досқалиев және басқалар ой-толғамдарымен бөлісті. Кітап иесіне аудан әкімі Әділ Жоламановтан, мекемелер ұжымдарынан ауылдастарынан естелік сыйлықтар тапсырылды.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале