10.02.2015, 23:01
Оқылды: 17

Үш қызметкерге – сөгіс


 ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстағы тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті және соған қарасты Орал қалалық басқармасы лауазымды қызметкерлерінің тәртіптік істері қаралды.


 Отырыста қызу талқыланған мәселенің мәнісі мынада. БҚО бойынша тексеру комиссиясы облыстық қаржы басқармасын тексеру кезінде заңды және жеке тұлғалардың бюджетке салықтық емес тү-сімдерді уақтылы аудармағанын анықтаған. Сондықтан оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жөніндегі қорытынды мемлекеттік кірістер департаментіне жолданған. Департамент басшысы мұны жұмыстану үшін орынбасары Б. Қайдаровқа жолдаған.

Б. Қайдаров болса, сол кезде департамент басқармасының басшысы қызметін атқарған Н. Өтеулинаға, ол бас маман Г. Саттароваға жіберген. Департамент басшысы бұдан кейін салықтық емес түсімдер бойынша заңбұзушылыққа жол берген салық төлеушілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту салық органының құзыретіне кіретін-кірмейтінін түсіндіруді сұрап, БҚО прокурорына хат жазған. БҚО прокуратурасынан мұндай өтініштің қаралмайтыны жөнінде жауап алғаннан кейін Б. Қайдаров тексеру комиссиясының қорытындысын орындауды Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына тапсырған. Осындай қақпақыл кезінде 1 ай 19 күн өткен. Бұдан кейін де облыстық департамент пен қалалық басқарма арасында қолданыстағы заңдылықты түсініскенше тағы бір-аз уақыт өткен. Ақыры әкімшілік айыппұл 2 ай 18 күн өткенде салынған, бұл кезде оның мерзімі өтіп кеткен еді. Сондықтан қала прокурорының наразылығынан кейін оның күші жойылған. Сөйтіп, салық органы қызметкерлерінің шабандығынан заңды және жеке тұлғаларға салынған 9,2 млн. теңге көлеміндегі айыппұл бюджетке түспей қалған.

Тәртіптік кеңес таразылай келе, көпшілік дауыспен Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары А. Балахметова бастаған қызметкерлердің ісінде заңбұзушылық жоқ деп тапты. Есесіне қызметтік міндеттеріне салғырт қарағаны үшін аталған департамент басшысының орынбасары Б. Қайдаров, мемлекеттік қызмет көрсетулер басқармасының басшысы Е. Найзабеков және №2 камералдық бақылау бөлімінің басшысы Н. Өтеулинаға мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі талаптарын бұзғаны үшін сөгіс беру жөнінде ұсыныс жасады. Бас маман Г. Саттароваға бұдан бұрын осы іс бойынша ескерту түріндегі тәртіптік жаза берілгені ескерілді.

Отырыста қарау барысында Оралдағы №1 қалалық емхана директоры С. Ермекқалиеваның тәртіптік ісі қысқартылса, ҚР Инвестиция және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы С. Камешеваның есебі тыңдалып, бұл мекемеде кадр ауысушылықтың жиі орын алып отырғаны атап өтілді.


Орал АРМАНҰЛЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале