31.05.2016, 13:04
Оқылды: 20

ҰБТ-ға екі күн қалды  

 

13321923_576571135846226_4871296040078781700_nБиыл облысымыз бойынша 4 514 түлек мектеп бітірді. Олардың 3 416-сы тестілеуге қатысуға ниет білдірсе, 192 оқушы «Алтын белгіге», 79 оқушы Үздік аттестатқа үміткер. Ал 22 оқушы түрлі халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың жеңімпазы ретінде ҰБТ-дан босатылмақ. Бұл туралы бүгін «Қазақстан-Орал» телеарнасында облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның қатысуымен баспасөз брифингінде айтылды.  


 

Сондай-ақ брифингте оқу жылының қорытындысы, ҰБТ-ға дайындық және жаңа оқу жылына арналған жоспарлары туралы  баяндалды.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл елімізде он үшінші рет өткелі отырған ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалған. Тек ағымдағы жылы тестілеудің қорытындысы бойынша белгіленген шекті деңгейден өтпеген немесе «қанағаттанарлықсыз» баға алған тұлғалар үшін қайта кешенді тестілеуге кіруге рұқсат етіледі (тестілеудің бағасы - 2242 теңге). Бұл тестілеу тамыз айының соңында өткізіледі (4 пән бойынша). Кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша ҚР-ның жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне оқуға тапсыруға мүмкіндік беріледі.

Қазіргі таңда облыстың барлық мектептерінде оқушылармен қатар ата-аналарға да психологиялық бағытта семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылуда. Яғни ҰБТ кезінде шаршау мен уайымды жеңу, еш алаңсыз тапсырмаларды орындау  және оған дағдыландыру жұмыстары жүріп жатыр.  ҰБТ-ның өткізілуін үйлестіру үшін білім басқармасының базасында штаб құрылып, санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау басқармаларымен барлық ҰБТ пункттері және оқушылардың тұру, тамақтану, қону орындары алдын ала тексерілуде.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынба хатына сәйкес, республиканың барлық жалпы білім беретін мектептерінде мектеп бітіру кештері 17 маусымда өткізілмек.  Мектеп бітіру кештері және жалпы орта білім туралы аттестаттарды табыс ету рәсімдері өз мектептерінде өткізіледі.

Мектеп бітіру кештерін көңіл көтеретін ойын-сауық орындарында өткізуге және мектеп әкімшілігі мен педагог қызметкерлерге сыйлық алу үшін білім алушылар мен олардың ата-аналарынан ақша жинауға қатаң тыйым салынады. Егер аталмыш жағдайдағы фактілер анықталса жұмыстан қуылуға дейінгі шаралар қолданылатын болады.

Жаңа оқу жылында  республика бойынша жаңартылған (12 жылдық) білім беру мазмұнына көшу басталмақ. Жаңа оқу жылында 1 сынып, 2017 жылы 2, 5, 7 сыныптар және 2019 жылы 10-11 сыныптар көшеді.

2015- 2016 оқу жылынан бастап Орал қаласының М.Ихсанов атындағы     №36 және Теректі ауданының Шаған орта мектептерінде 12 жылдық білім берудің оқу бағдарламалары мен мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарын  енгізу сынақтары жүргізілді.

Жаңартылған білім мазмұнына көшу жоспарына сәйкес «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жанындағы педагогикалық шеберлік орталығы мен «Өрлеу» педагогикалық кадрлардың біліктіліктерін арттыру және қайта даярлау институттары арқылы тамыз айына дейін 1 сыныптарда сабақ беретін 2 мыңнан астам педагог курстардан өтеді. 2015-2016 оқу жылынан бастап тек қана 1 сыныптарда бес күндік оқытуда енгізілмек.

Сонымен қатар алдағы жаңа оқу жылында орта және жоғары буын сыныптарында таңдау курстары арқылы физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде беру жұмыстары қолға алынады. Соған сәйкес, жаз мезгілінде физика, химия, биология, информатика пәндері мұғалімдері үшін ағылшын тілінде курстар ұйымдастырылатын болады. Бұл жұмыстарға М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті,  жеке тіл үйрету орталықтары, Назарбаев Зияткерлік мектептері, қазақ-түрік мектеп-лицейінің педагогтары тартылатын болады.

Білім бөлімдерінің алдын ала ұсынған мәліметі бойынша бойынша 2016 жылдың жазғы кезеңінде түрлі лагерьлерде жазғы демалыспен 77 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарлануда (1-10 класс оқушыларының жалпы санынан 90,6%). 602 түрлі бағыттағы лагерьлер жұмыс жасайды (19- сауықтыру, 309 мектеп жанындағы тамақтануы ұйымдастырылған лагерь, 252 мектеп жанындағы тамақтануы ұйымдастырылмаған бағдарлы алаңдар және 22 шатырлы лагерь).

Аджип Қарашығынақ Б.В. компаниясының шақыруымен Адриатикалық теңіз жағалауындағы (Италия) жазғы лагерінде жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және аз қамтылған отбасынан 12-14 жас аралығындағы 40 оқушы демалып қайтпақ.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале