23.12.2015, 17:12
Оқылды: 209

Ұзақ күйшіге кесене орнатылды (ФОТО)

    Yzak04Бүгін Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округіне қарасты Ақтұлым мекенінде дәулескер күйші-композитор Ұзақ Мырзабайұлына кесене орнатылды.

ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген Ұзақ күйші төкпе күйлердің орындалу мәнерінің негізін қалаушылардың бірі.

Күй атасы Құрманғазының ұстазы.


Ұзақ күйшіге арналып Ақтұлым мекенінде тұрғызылған кесененің ашылу салтанатында алғаш боп сөз сөйлеген Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров:

– Кез келген мемлекеттің, елдің өзіндік ерекшелігінің негізі өнермен, мәдениетпен тікелей байланысты. Біз Қазақ елі әркез салт-дәстүрімізді берік ұстанып, мәдениетімізді дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан халықпыз. Оған бүгінгі біз бен сіз болып атқарған игілікті ісіміз дәлел. Ел бірлігінің арқасында дәулескер күйші Ұзақ бабамызға кесенге тұрғызып отырмыз.

Баба есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында тұрғызылған кесене рухымызды асқақтатып, ел абыройын биікке көтере берсін! – деді.

Yzak 01

Сонымен қатар, айтулы шарадаБҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, Ұзақ күйшінің ұрпағы Нұрболат Қазбаев, «Ұзақ күйші» қоғамдық қорының директоры Мұрат Әлжановтар сөз сөйлеп, баба есімін ұлықтауда атқарылған игілікті істің маңыздылығына тоқталды.

Тағылымды шарада сөз алған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Атауұлы:

– Біздің қазақ халқы бірін-біріқұрмет тұтып, ұлықтаған халық. Ұлағатты ұстазын тарихта қалдырған Құрманғазы бабамыз қазақтың бір абызының атын тірілтіп берді.

Ұзақ бабамыздың есімі Құрманғазы арқылы, құрманғазытанушылар арқылы, жалпы қолына домбыра ұстаған қазақ арқылы мәңгіге салтанат құра бермек. Ұмытылмайды да.

Ұзақ бабамызға тұрғызылған кесене – қазақтың күйіне, қазақтың домбырасына тұрғызылған кесене. Алыстан көз тартар кесенені көрген ұрпақ қолына домбыра алып өсетін болады.

Бүгінгі игілікті іс – қазақ руханиятындағы үлкен құбылыс.

Бұл кесене маған қазақ даласындағы ұран оттарды елестетеді. Ұран от келер ұрпақтың кеудесіне рух болып қонады - деп, барша ағайынға облыс басшысы Н.А.Ноғаевтың дұғай сәлемін жеткізді.

Yzak 03

Кесененің ашылу салтанаты рәсімін аудан басшысы Асхат Шахаров, Ұзақ күйшінің ұрпағы Нұрболат Қазбаев, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы Қайыржан Хасанов жүргізді.

Баба рухына бағыштап аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев құран оқыды.

Одан соң Қоржын ауылдық мәдениет үйінде «Ұлы даланың тарихы – ұлы халықтың тарихы» атты практикалық конференция оздырылды.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған конференцияда облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова сөз сөйлесе, М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің педагогика факультетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр баяндама жасады.

Конференция жұмысында ой өрбіткен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова:

– Бүгін бір төбенің сыры ашылды. Бір төбенің мәртебесі биіктеді. Бір өшкен шам жағылды. Ақтұлымның алабы аруақтанды. Тарихқа тағзым, өткенге құрмет деген осы. Төбеге қарап тарихын түгендейтін Қаратөбе өңірінің мәртебесі әркез асқақтай берсін! – деп ақжарма тілегін арнады туған өлке жұртшылығына.

Конференция жұмысын аудан басшысы Асхат Берлешұлы жүргізіп отырды.

Yzak02

Айтулы шараға облыстағы өнер ордаларының басшылары, республика, облыс көлеміне танымал күйші-сазгерлер, белгілі ғалымдар, аудан мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.

www.zhaikpress.kz

Ертай БИМҰХАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале