14.08.2015, 16:27
Оқылды: 44

Ұлттық спорт түрлерінен облыстық спартакиада мәреге жетті

 

ат спортыЗеленов ауданы, Асан ауылы маңындағы атшабарда Қазақ хандығының 550 жылдығы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған ұлттық спорт түрлерінен IV республикалық фестивалінің облыстық кезеңі өтті.

Өңіріміздің барлық аудандарынан келген спортшылар көкпар, аударыс­пақ, теңге ілу, жамбы ату, қазақ кү­ресі, асық ату, тоғызқұмалақ, жекпе-жек сияқты спорт түрлерінен сынға түсті.

Командалық түрде өткен жарыс қорытындысында тоғызқұмалақшылар бәсекесінде ІІІ орынды жаңақалалықтар иеленсе, ІІ орынды Бөрлі, І орынды Сырым елінен келген ұшқыр ойлы спортшылар қанжығасына байлады.

Ал мергендік сынға түсетін асық ату бәсекесінде ІІІ орынды Жәнібек, ІІ орынды Бөрлі, І орынды Жаңақала ауданының командалары еншілесе, жамбы атқан спортшылар арасында Ақжайық, Жәнібек, Шыңғырлау аудандарының командалары жүлделі орындарды өзара бөлісті.

Қазақ спортының төресі, елімізде ғана емес әлем бойынша дамудың даңғыл жолына түскен қазақ күресі бойынша да сынға түскен командалар арасында Жәнібек пен Бөрлі аудандарының командалары жүлделі үшінші және екінші орындардан көрінсе, сырымдық палуандар облыстық спартакияда жеңімпаздары атанды.

ат спорты (1)Жігіттің жауынгерлік дайындығын көрсететін жекпе-жек спортында да мықтылық танытқан аудан спортшылары арасында Зеленов үшінші, Бөрлі екінші орын иеленсе, казталовтық өрендер бірінші орыннан көрінді.

Ат спорты түрлеріне келсек, аударыспақта Казталов, Зеленов, Бөрлі спортшылары жүлделі орындарды тиісінше бөліссе, теңге ілуде Жәнібек, Ақжайық және Зеленов командалары мықтылық танытты. Ал көкпар тартқан командалар арасында ІІІ орынды Жәнібек, ІІ орынды Казталов көкпаршылары иеленсе, облыс чемпионы атағы Зеленов шабандоздарына бұйырды.

Бұдан бөлек «Сәнді киіз үй» сынында сырымдықтардың үйі үздік деп танылса, «Керемет сәйгүлік» бәсекесінде Шыңғырлау ауданының жылқысы үздік шықты.

Жалпыкомандалық есепте ІІІ орын Ақжайық, ІІ орын Бөрлі, І орын Зеленов спортшыларына бұйырды.

www.zhaikpress.kz

Түгелбай Бисенов

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале