25.12.2015, 16:44
Оқылды: 16

Ұлттық қор қаржысы тиімді игерілуге тиіс

Akim Nurotan sayasi 01 «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы саяси кеңесінің отырысына өңір басшысы, партияның облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаев қатысты. Мәжілісте «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы егжей-тегжейлі талқыланды.


Саяси кеңес мүшелері әуелі партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің баяндамасын тыңдады. Серік Кенжебекұлының айтуынша, өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын нығайту мәселелеріне Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін бақылау мақсатында облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің депутаттық фракциясы ішінен 7 адамнан тұратын арнайы комиссия құрылған. «Комиссия өзінің бірінші отырысында жасалуға тиісті жұмыс көлемін, жауапкершілігін анықтады. Сонымен қатар комиссия мүшелеріне бақылауға алынған объектілер бекітіліп берілді. Жұмыстың мұндай тәсілі тапсырыс берушілердің, мердігерлердің жауапкершілігін арттыруға септігін тигізді. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер жергілікті жауапты органдарға дер кезінде хабарланып отырды. Мысалы, Бөрлі ауданының әкімдігі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша үш кеңес өткізді. Өткен уақыт ішінде комиссия мүшелері өздеріне бекітілген барлық нысандарды аралап, құрылыс барысымен, қаржының игерілуімен танысты. Нақты айтар болсақ, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағыты бойынша 14 жобаны іске асыруға Ұлттық қордан 5 млрд. 963,3 млн. теңге қаражат бөлініп, соның 92 пайызы күні бүгін игерілді. Аталған бағытқа жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы 152,7 млн. теңге құрап, соның 62 пайызы игеріліп отыр. «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ-ы арқылы 6-ықшамауданда орналасқан 171 пәтерлік тоғыз қабатты үйдің құрылысына 2015 жылға 740,1 млн. теңге бөлініп, 490,7 млн. теңгесі игерілді. Зашаған ауылындағы Атырау-Орал және Орал-Саратов күрежолдарының аралығында орналасқан бес қабатты тұрғын үйлер кешені бойынша қаражат игерілген жоқ. Оның себебі – жоспарланған кестеден қалып қоюшылық және атқарылған жұмыстар актісінің кешіктіріліп тапсырылуы. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын уақытылы орындау мақсатында мердігер мекеме қосымша жұмыс күші мен техника тартуда» - деді Серік Сүлеймен.

Жалпы айтып кетер болсақ, «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысына 2015 жылға Ұлттық қордан 9 млрд. 306,3 млн. теңге бөлінген. Оған 24 нысанның құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау жүргізілуде.

Саяси кеңес отырысында облыстық мәслихат депутаттары Әлібек Сәтбаев пен  Валерий Голоуховтың және қала әкімі Алтай Көлгіновтың есептері тыңдалды.

Отырысты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қорытындылады. «Баяндамашылардың берген ақпаратына сүйенсек, Ұлттық қордан біздің облысымызға бөлінген қаржы тиімді, уақытылы игеріліп жатыр. Мұның өзі қазіргі жаһанда қалыптасқан қиындықтарға қарамастан Елбасының елге деген назары деп білеміз. Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын бұлжытпай орындаймыз. Бір ғана «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы аясында 7,5 трлн. теңге қаржы бөлініп, ол қаржы инфрақұрылымды, ауыл шаруашылығын, көлік саласын қолдауға бағытталуда. Нәтижесі жақсы. Мысалы, Шыңғырлау ауданындағы балабақша құрылысы аяқталғаннан кейін, облыстағы балабақша кезегі жойылады. Ауыл шаруашылығына қаралған 2,5 млрд. теңге қаржы да өз жемісін беретін болады. Асыл тұқымды мал басы көбейеді, ет экспорты әлеуеті артады. Орал қаласындағы инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған қаржы-қаражаттың арқасында біраз түйінді мәселелер шешімін тауып келе жатыр. Нақты айтқанда соңғы үш жылда жылумен, сумен қамту желілерінде үлкен апатты оқиғалар болған жоқ. Жыл аяғында бағдарламамен көзделген барлық қаржы игеріледі деп сендіремін» - деді өңір басшысы.

 www.zhaikpress.kz  

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале