29.02.2016, 12:59
Оқылды: 186

«Ұлық болсаң, кішік бол»–деген дана халқымыз.

received_981244735258221   «Ұлық болсаң, кішік бол»–деген дана халқымыз. Сондай-ақ елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз өзімізді халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, қолдан келгенше түсініп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз»,- деген болатын.


Осының куәсіндей биылғы жылғы 24 ақпан күнгі Батыс Қазақстан облысы әкімі Ноғаев Нұрлан Асқарұлының облыс халқы алдындағы кезекті есеп беруі бойымда ерекше ризашылық сезімді ұялатты. Сол себепті одан түйген ой-пікірімді сіздерге жеткізуді жөн санадым.

Жоғары лауазымдағы адамның кеңпейілділік танытып төрт сағаттан астам уақыт бойы облыстың, аудан-ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілектерін тыңдап, бірде-біреуінің пікірін бөлмей, әрқайсысын елеп-ескеріп, қабақ шытпай, сабырлылықпен жауап беруі, әрқайсысына «Өзінің пікірін айту үшін келді ғой»,-деп кезекпен микрофон ұсынуы көңілімді марқайтты.

Соңғы жылдары көзім көрмей қалды. Бірақ бала-шағамның айтуынша бұрын-соңды көрмеген кең залда, лық толы халыққа тікесінен тік тұрып қызмет етті.

Осы күнге дейін кейбір билік иелерінен «Уақытым тығыз, аздап сөйлеңіздер!»,-дегенінен басқасын естімеуші едік. Осы жерде жылына бір рет халық алдында есеп беретін аудан басшылары халықты қабылдауда асығыстық танытпай, осы кісіден үлгі алса деген ой туады.

Біздің облысымыз мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы жөнінен басқа облыстардан аспаса кем түспейді, қазақта «Бес саусақ бірдей емес»,-деген сөз бар, кейбір кемшін тұстары болса, орнын толықтыруға болады деп ойлаймын.

«Кең болсаң, кем болмайсың»,-дегендей Нұрлан Асқарұлындай әкімге нақты қадам мен мықты тұғыр тілеймін, болашақта оны бұдан да жоғары биіктерден көргім келеді.

Өзім 1939 жылы туғанмын. Ордадағы механизаторлық курсты бітіріп, зейнеткерліккке шыққанша механизатор болып жұмыс жасаған қарапайым еңбек адамымын. 1960 жылы Көкшетау облысында, 1964 жылы Қостанай  облысындағы егіс жинау науқанына қатысып, табысты еңбек еттім.  Қазір көзім көрмей төсекте таңылып жатсам да, күні-түні теледидар мен радиодан тыңдайтыным–елімнің жаңалығы мен жақсылығы. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.  Мұндай азаматтар елімізді басқара берсін.

Сөз соңында «Ептеп адам бай болмас, бермесе Алла пейілге»,-дегім келеді.

 www.zhaikpress.kz

Казталов ауданы

Ажкеев Тельман, зейнеткер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале