21.09.2015, 9:54
Оқылды: 50

«Ұлы Дала елі»: Ақжайық ауданында Есім хан Нұралыұлының басына ескерткіш тақта орнатылды

Esim han    Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» атты республикалық тарихи-мәдени экспедициясы кеше Батыс Қазақстан облысына келді.

Құрамында белгілі тарихшылар, ғалымдар бар экспедиция барысында Атырау мен Батыс Қазақстан облысының делегациялары Ақжайық ауданында кездесіп, ел тарихына қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікір алысты. Базаршолан ауылы маңындағы қорымда болып, 1795-1797 жылдары Кіші жүздің ханы болған Есім хан Нұралыұлының басына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне қатысты. Сонымен қатар экспедиция аудандағы Алаша Байбарақ батыр, Үкі билердің басына да барып, тағзым етті.

Тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Аллаярұлының зерттеуіне қарағанда, 1790 жылғы 11 тамызда Нұралы хан өмірден өткен соң, қараша айында Байұлы, Әлімұлы руының кейбір старшын, билерінің бастамасымен мыңға жуық қазақ қатысқан кеңес өтіп, Нұралының үлкен ұлы Есімді ақ киізге көтеріп, хан сайлаған. Базарбай старшын бастаған тана руы да Есімге қолдау білдірген. Ол жөнінде ноғай старшыны Құрбанғали Забир 1791 жылы 24 қаңтарда Орынбор шекаралық істер экспедициясына «Барлық таналар өздерінің бас старшыны Базарбай Санмырзаұлымен бірге Есімді хан атады» деп жеткізді.

Аталмыш экспедиция Ақжайықтан кейін Теректі ауданында болды. Шағатай ауылдық округі аумағындағы тағы бір кейінгі кезде табылған құлпытас Жантөре хан Айшуақұлының бейітіне тағзым етті. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте өткен кездесуде Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов Маңғыстаудан Атырауға, одан Батыс Қазақстанға жеткен экспедицияның күнделік кітабын теректіліктерге табыс етті. Мектеп шәкірттері қонақтарға концерт қойып, көңілдерін көтерді.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале