22.09.2015, 16:19
Оқылды: 29

«Ұлы Дала елі» экспедициясы тарихи Сырым елінде болып, сыр шертті

Sirim YLi dala02    Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» атты республикалық тарихи-мәдени экспедициясы Батыс Қазақстанның Сырым ауданында болды.

Ауданның ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған батыр Сырым Датұлының есімімен аталуы тегін емес. Әр тасы мен төбесіне дейін өткен ғасырлардан сыр шертетін бұл өңірді батысқазақстандықтар Сырым елі деп атап кеткен. Сондықтан экспедицияны сырымдықтардың Сырым шыққан төбе тұсында салтанатпен қарсы алуы жарасып тұрды. Сырым батыр құрметіне жол бойында орнатылған ескерткіш белгі алдында тарихи әңгіме тиегі ағытылып, онда Қазақ хандығының 550 жылдығына екпін берілді. Содан кейін аудан орталығы Жымпиты ауылында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында үкіметтік емес ұйымдармен кездесу болып, онда экспедиция мүшелері Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралардың мән-маңызы жөнінде өз ойларымен бөлісті. Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Досжан Тайшиев осы өңірде жастар бастамасымен қолға алынған тарихи-танымдық «Менің кіші отаным» атты экспедицияның біраз жерге ат басын тіреп, құнды деректер жинағанын айтса, тарихшы-мұғалім Серік Зиятов өлкенің өткеніне байланысты өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Экспедиция Сырым ауданында болған кезде Алаш қайраткерлерінің іздері сайрап жатқан тарихи орындармен танысып қана қоймай, Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп оқушыларымен жүздесті. Мұнда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев ұлы дала төсін дүбірлетіп өткен батырлар мен хандар, бірегей тұлғалар жөнінде тебірене сөз қозғаса, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында айтылғанындай, «Мәңгілік елге» бет алған Қазақстанда ел тарихын барлық ұлт өкілдері біліп, қыр-сырына қаныға түсуінің маңызы зор екенін, сондықтан осындай шараларға Ассамблея бастамашы болып отырғанын атап өтті. Жиын аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы қойған шағын концертпен аяқталды.

«Ұлы Дала елі» экспедициясы бүгін Шыңғырлау ауданы Сегізсай елді мекеніне  ат басын бұрып, содан кейін батысқазақстандықтар эстафетаны Ақтөбе облысына табыс етеді.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале