14.12.2015, 15:18
Оқылды: 40

Ұлы Жеңіс сарбазы – 90-ның төрінде

Akjayik 90 torinde01   Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органының ардагері Ғабделқайыр Қуаншалиевтың 90 жасқа толуына арналған шырайлы шара өтті. Аудан әкімі Әділ Жоламанов кемелтой иесін перзенттік жүректен құттықтап, жиналған қалың жұрт алдында сөз сөйледі.

- Сіздің, Ұлы Жеңіс сарбазының  ғибратқа толы ғұмырыңыз ауыл-елдің бір зор дәулеті, мерейі, сүйеніші, мектебі болып табылады. Тоқсанның төріне шыққан күніңізде өзіңізбен бірге, қараорманыңызбен бірге қуанудамыз. Кейінгі толқынның нағыз асқар тау медеуі болып жасай беріңіз.


Аудан басшысы қарияның иығына зерлі шапан жауып, бағалы сыйлық тапсырды.

Аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиев, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Абылайхан Серіков және Тайпақ ауылдық округінің әкімі Боранбай Қыдырғожин, Ғабделқайыр ағаның байырғы ауылдастары, тұстастары Бижан Ихсанов пен Заки Жүнісов, тұрғындар майдангердің шаттығына ортақтасып, ақ тілектерін арнады.

Ғабделқайыр Зейінұлы жылдар жүзінде жастар тәрбиесіне айтулы үлесін, құқық қорғау саласындағы қажырлы еңбегімен өңіріміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығына, қоғамдық тәртіптің сақталуына айтулы қолтаңбасын қосты.

Ол 1925 жылы Қаратөбе ауданының Қаңкөл ауылында дүниеге келген. Қаратөбе орта мектебінің 10 сыныбында оқып жүргенде, 1942 жылдың соңында әскер қатарына шақырылды. Орынбор облысы Тоцк қаласында әскери дайындықтан өтті. 1943 жылдың қазан айында Брянск майданында 152 калибрлі артиллерия бригадасында байланысшы болып алғашқы ұрысқа қатынасқан. Ресей, Украина, Чехославакия жерлерін дұшпаннан азат етуге қатысты. Ұлы Жеңістен соң Өзбекстанның Фергана, Түркменстанның Карки қалаларында әскери қызметін жалғастырып, 1950 жылдың наурыз айында елге оралады.

Алғашқы еңбек жолын 1951 жылы ішкі істер бөлімінде хатшы болып бастап, 1953-1955 жылдары Қазақстан бекетінде жауапты жұмыс жасады. Сосын Ташкент қаласындағы арнаулы милиция мектебінде оқып, 1957 жылдан бастап Чапаев аудандық ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі, аға жедел уәкілі, аға тергеуші қызметтерін атқара жүріп, 1959-1964 жылдары Ішкі істер министрлігінің Алматы Жоғары милиция мектебін бітірді. 1965 жылдың қаңтарында Тайпақ ауданының ішкі істер бөлімінің бастығы болып тағайындалып, оған 14 жыл басшылық етті. Зейнеткерлікке шыққан соң коммуналдық шаруашылықты, нотариалды кеңсені және өрт сөндіру бөлімін басқарды.

Akjayik 90 torinde02

Жеңіс сарбазын құттықтауға жиналғандар бүгінде перзенттерінің қызығына бөленген қариямен емен-жарқын әңгімелесті.

 www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале