9.05.2016, 20:03
Оқылды: 36

Ұлы Отан соғысы ардагерлері биыл да «Жауынгер ботқасына» шақырылды

soldat kasha    Жеңіс күніне арналған шаралар бұдан әрі қалалық мәдениет және демалыс саябағында жалғасты. Қалыптасқан үрдіс бойынша Ұлы Отан соғысы, тыл және еңбек ардагерлері биыл да «Жауынгер ботқасына» шақырылды.


   Таңмен «Мәңгілік алау» алаңында болып, майдан даласында қалған сарбаздарды еске алған ардагерлер саябақта өздеріне арнайы жайылған дастархан басына жайғасты. Шара барысында әскери үлгідегі киім киген жас қыздар ардагерлерге далалық ошақта арнайы дайындалған қарақұмық ботқасы мен бұқтырылған ет консервілерін сары маймен қоса ұсынды. Бұл кезде қалалық үрмелі оркестр мүшелері Жеңіс тақырыбына арналған әуендерді бірінен соң бірін әуелетіп тұрды.

    Аталмыш шараға арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов ардагерлерді  Ұлы Жеңіс Күнімен құттықтап, оларға ақ тілегін арнады.

        -Қадірменді ардагерлер, құрметті қала қонақтары!

     Бүгін - бізге бейбіт өмір сыйлаған, Тәуелсіздікті тарту еткен майдангерлердің мейрамы. Жаңа ғана Жеңіс алаңында болған салтанатты шараға облыс орталығынан, аудандардан мыңдаған адам келіп, қатысты. Майдангерлерді құттықтау үшін көрші мемлекеттің бас консулы Саид Магомедұлы да келді. Бәріміз сол жерде Жеңіс сарбаздарына құрмет көрсетіп, майданнан қайтпай қалған боздақтарды еске алдық, оларға арналған ескерткіш басына гүл шоқтарын қойдық.  Енді міне,  қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Жауынгер ботқасына» келіп тұрмыз. Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – бұрынғы жауынгерлер, қазіргі ата-әжелеріміз өздерінің жастық шақтарын еске алсын, бір-бірімен кездесіп,  сырлассын деген ой. Көріп отырмын, мұнда да майдангерлер, тыл және еңбек ардагерлері туған-туысқандарымен көп жиналыпты. Барлығыңызды  бүгінгі Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, баршаңызға бақыт, береке тілеймін!

   Биыл Қазақстан Республикасының 25 жылдығын атап өтудеміз. Бұл мереке - біздің бірлігіміздің нышаны, татулығымыздың белгісі.  Мемлекет басшысы айтқандай, табыс кілті –бірлікте. Көп ұлтты мемлекетімізде сан түрлі халық өкілі тату-тәтті өмір сүріп, ынтымақтаса еңбектенуінің арқасында осындай жетістіктерге қол жеткіздік. Ұлттар арасындағы татулық, бірлік, үлкенге құрмет-бұлардың барлығы бізге ата-бабамыздан ауысқан. Мұны жалғастыратын ұрпақ осында тұр. Жеңіс үшін жанын аямай майдан даласында ерлік көрсеткен сарбаздарға және сол Жеңісті жақындату жолында еңбек майданында тер төккен ата-әжелерімізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, ардагерлерге басымды иемін!,- деді Алтай Сейдірұлы өзінің құттықтау сөзінде.

    Бұдан соң  өңір басшысы тап осы күні еңбек ардагері, белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбайдың 89 жасқа толып отырғанын айтып, ақсақалды туған күнімен құттықтады.

 Құттықтау сөзінен кейін әкім ардагерлердің ортасына барып, дастарханнан дәм ауыз тиді.

Шара барысында Жеңіс тақырыбына арналған әндер шырқалып, билер биленді. Ардагерлер Нәзира Хибашева мен Римма Нұрсұлтанованың орындауындағы «Кестелі орамал», Рүстем Кереевтің орындауындағы «Три танкиста» әндерін толқи тыңдады. Сондай-ақ, Давина Скэйдің «Катюшасы» мен Өміржан Молдабековтің «Қайдасыңдар қаруластар!» және Айбар Хайырхановтың  орындауындағы «Одинокая гармонь» әндері де ардагерлерді бей-жай қалдырмады. Сондай-ақ, «Непоседы» би студиясы бишілерінің орындауындағы «Смуглянка» биі мен «Адажио» би ансамблінің орындауындағы «Синий платочек» билерін де жиналғандар  жылы қабылдады.

Жастық шақтарын естеріне түсірген болар, әдемі әуенге еліткен ардагерлер ортаға шығып біраз биледі.

    Шара барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері және «Фронтовичка» клубының мүшелері сөйлеп, өздеріне көрсетілген қошемет-құрметке ризашылықтарын білдірді. «Біздің мәңгілік жадымызда» атты концерттік бағдарлама Салауат Мұхамеджановтың орындауындағы «Жеңіс күні» әнімен аяқталды.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале