21.08.2015, 15:19
Оқылды: 26

Ұлы тойға арналған автошеру

kazak_handygyna2Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілетін республикалық шаралардың бірі 25-26 тамыз күндері облысымыздың Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында өтпек.

Дүбірлі тойдың бағдарламасында республикалық ақындар айтысы, ғылыми конференция, театрландырылған көрініс, мерекелік гала-концерт, дала қызықтары, ұлттық ойындар, жәрмеңке бар.

Осынау мереке қарсаңында “Жайық қаласынан Хан ордасына дейін” атты автошеру Орал шаһарынан жолға шықпақ. Автошерудің мақсаты — Қазақ хандығының 550 жылдық тойында Жайық пен Еділдің арасында  Қазақ елінің көк туын желбіретіп, байтақ даланы дүбірлетіп, салтанатпен жүріп өтіп осынау ұлы тойға үлес қосу.

Автошеруге шығатын топ құрамында тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар, әнші, жыршылар, журналистер мен блогерлер, фототілшілер бар.

550 шақырым жолды жүріп өтіп, бірқатар тарихи орындарға ат басын тірейтін автошеру Оралдың іргесіндегі кезінде Бөкей мен Жәңгір бабаларымыз хан ретінде ақ киізге көтерілген Хан тоғайына, ортағасырлық Жайық қаласының орнына аялдайды. Одан кейін Ақжайық ауданының орталығы Чапаев, Жаңақала ауданының орталығы Жаңақала кенттері арқылы Хан ордасына ат басын тіремек. Жолшыбай елді мекендерде халықпен кездесулер, акциялар өткізу жоспарда бар. Экспедиция қайтар бағытында Қазталов, Жалпақтал ауылдарының халқымен жүздеспек.

Автошеруге қатысушылар 24 тамыз күні таңғы сағат 8-де Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер орталығы алдында жиналады. Сол жердегі салтанатты жиыннан соң автошеру Оралдың іргесіндегі Хан тоғайына соқпақ. Автошерудің Хан тоғайына дейінгі қала ішімен жүретін жолына қала тұрғындары да қосылса болады. Бағыты: Әбілқайыр хан даңғылы-Сырым Датұлы көшесі-Гагарин көшесі арқылы Еуразия даңғылы-Достық даңғылы. Ұлы даланы дүбірге толтыратын ұлы тойға сіз де үлес қосыңыз, оқырман!

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале