1.10.2015, 15:42
Оқылды: 22

Ұстазға деген құрметін күймен жеткізді

Dosim Maksotov02        Орал қаласындағы Нұр Отан залында Х-ші Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері, халықаралық, респупбликалық конкурстардың лауреаты жерлесіміз Досым Мақсотовтың «Ұстазға» атты концерті өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Аталмыш кештің шымылдығы ашылып ең алдымен Қазақстан республикасының халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, профессор және композитор Қаршыға Ахмедияровтың өмірінен сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Концерттік бағдарлама Досым Мақсотов «Ұстазға» күйін орындаумен басталды.

- Жанға азық болатын табысы мол тағы бір кешті өткізіп отырмыз. Орталарыңыз толсын. Күй құдіретін тамсана тыңдап тапжылмай отырған көрермен қауымның ыстық ықыласы ерекше. Ата - бабамыздың ежелден келе жатырған салт-дәстүрі мен мәдениеті кейінгі жас ұрпаққа киелі өнер арқылы жалғасып келеді. Соның ішінде күйдің орны ерекше. Басқа халықта жоқ, тек қазақ халқының ғана маңдайына біткен киелі күй өнерін біздер тамашалап отырмыз. Уақыттың шаңына көміліп қалған талай күйлерді Қаршыға ағамыз қатарға қосты. Ол кісінің шәкірттері ұстазының ізін жалғастырып, күй өнерін әрі қарай дамытып келеді. Бұл дегеніміз ұстазға деген шәкірттің ерекше құрметі деп білеміз, - дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Концерттік бағдарламада «Алтын ұя», «Күй ұран», «Көктем сазы», «Нұрғиса», «Абай толғауы», «Елбасы» сынды Қаршыға Ахмедияровтың шығармаларын күйші Досым Мақсотов нақышына келтіре орындады. Залы көрерменге толы кеште Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі (дирижерлері Қырымкерей Қажымов және Еркін Нұрымбетов), Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев, ҚР еңбек сіңірген артисі Жұмағаным Рахымова, Сәуле Таудаева, Айбар Хайрханов, Фархат Оразов, Ерген Мұханбетов, Ербол Ғұбайдуллин сынды домбырашылар өнер көрсетті. Кештің соңында облыс әкімінің атынан ықылас гүлі табысталды.

www.zhaikpress.kz

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале