23.05.2016, 19:30
Оқылды: 20

Ұстаз турнирін Зеленов ұтып алды

Zelenov Bakit aga   Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылында шағын футболдан көпжыл ұстаздық еткен мықты математик, ауыл балаларын спортқа баулыған білікті бапкер болған, марқұм Бақыт Серғазыны еске алуға арналған ашық аудандық турнир өтті.

   Ақсай, Орал қалалары мен Шыңғырлау ауданы Алмаз ауылынан, Зеленов ауданынан және Қаратөбе өңірінің округтерінен келген барлығы 13 команда бақ сынасқан жарысты Бақыт Серғазының інісі Қуаныш Мақсотұлы ұйымдастырды.


   Жарыстың өтуіне себелеп жауған жаңбыр да кедергі болмады. 4 топқа бөлінген командалар жартылай финалға берілер жолдама үшін барын сала ойнады. Спортшыларды қолдай келген көрермендер де қиқулап, ойыншыларға қосымша күш беріп жатты. Ал Алмаз, Егіндікөл жастарының «Дәуір» және Егіндікөл мектебінің 2001 жылғы түлектерімен бір топқа түскен Зеленов командасы алдымен Түлектер ұжымын 0:3, кейін Алмаз командасын 3:0, ал шешуші ойында студенттерден құралған «Дәуір» командасын 1:3 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама иеленді. Өз топтарында бірінші орын алған Қоскөл, Егіндікөл, Қаратөбе және Зеленов командалары финалға берілер жолдамаға таласты. Алғашқы жартылай финалдық жұпты құраған Егіндікөл мен Қоскөл командаларының тартысында қоскөлдік ұжым табандылық танытса, финалға бергісіз болған Қаратөбе мен Зеленов командаларының ойынында 1:2 есебімен зеленовтықтар жеңіске жетті.  Үшінші орын үшін болған ойында Егіндікөл ұжымын ұтқан қаратөбеліктер жарыстың қола жүлдесін еншіледі.

   Осылайша барлық ойындарын жеңіспен аяқтаған Зеленов пен Қоскөл командалары финалда кездесті. Осы сәтте жанкүйерлер  қауымы екіге бөлінді. Бірі Қоскөл командасын қолдаса, енді бірі Зеленовқа қолдау көрсетіп жатты.  Тартысқа толы ойынның есебін тайым ортасында қоскөлдіктер ашты. Алма кезек шабуылдармен өткен ойынның бірінші бөлімі 1:0 есебімен аяқталды. Екінші таймды қарқынды бастаған Зеленов командасы Тимур Макаевтың көмегімен есепті теңестіріп, финалдық ойынның тағдырын пенальти шешті. Футбол лотореясында бақ сынауға әр командадан үш ойыншы шықты. Зеленов командасынан Тимур Макаев пен Рустам Мендалиев өз мүмкіндіктерін жүзеге асырса, қоскөлдіктер тепкен пенальтиді Арман Мұқатаев тамаша қайырып, өз ұжымына жеңіс сыйлады.

    Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерге медальдар мен кубок табыс етілді. Сондай-ақ жекелеген номинациялар бойынша да үздіктер марапатталды. Туринирдің «Үздік ойыншысы» аталымын Рустам Мендалиев еншілесе, көрермендер «Зеленовтық Марадона» атанған Абай Батырбеков Бақыт Серғазының туған қарындасы Гүлзира Серғазы тағайындаған арнайы сыйлықты еншіледі.

www.zhaikpress.kz

Түгелбай БИСЕН

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале