11.10.2016, 9:55
Оқылды: 27

Әжелер шықты сахнаға

????????????????????????????????????

  Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта «Мен анамын, ұрпағын әлдилеген!» атты әжелер байқауы ұйымдастырылды. Шараға барлық ауылдық округтен келген 19 әже қатысты. Бұл ел тәуелсіздігінің ширекғасырлық белесіндегі ең бір айтулы кешке айналды.


Көңілі кең, көкірегі қазына ақ жаулықты әжелер алдымен өз әулеттерінің шағын тарихынан шежіре шертті. Одан әрі халқымыздың өзіне тән ерекше салт-дәстүрімізді сақтап, өрістетуге қатысты толғамдарын баяндады. «Баба дәстүрі – отбасы дәстүрінде» атты кезең бойынша ғасырлар тереңінен аманат болып жеткен құндылықтарымыздан сахналандырылған көріністер көрсетулері байқаудың бәсін биіктете түсті. Мысалы, нәрестені қырқынан шығару, бесікке бөлеу, тұсауын кесу сынды тамаша салтанаттар кім-кімді де әрдайым тебірентері анық. Өйткені бұлар адам ғұмырының бастауы ғой. Қатысушылар соның бәрінен жақсы хабардар екенін танытты. Сондай-ақ олар ұлттық дүниетанымызда тыйымдар мен ырымдардың, наным-сенімдердің алатын орнын ашты. Бұларда халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесі сақталған, ұлттық рухани байлықтың қайнар көзі көрініс тапқаны мәлім.

«Ас адамның» арқауы аталған кезең бойынша бармағынан бал тамған бұл жандар арнайы дайындап алып келген тағамның түр-түрімен таныстырды. Үйіне келген қонақты жылы шырайымен қарсы алып, қолдағы барымен сый-құрмет көрсетіп, дәм-тұзын татырмай жібермейтін қонақжайлығымыз леп бергендей болды.

Міне, осындай керемет бір шара қорытындысымен бірінші орынды базаршоландық Орынша Ермұханова иеленді. Ол байқаудың қай түрінен болсын ерекшелігімен көзге түсіп, алда болды. Білім, мәдениет саласында табандылықпен еңбек еткен, шаруақор перзенттер тәрбиелеген О.Ермұханова ауыл-аймағымыздың сыйлы жандардың бірі болып табылады.

ІІ орынды Жамбыл ауылдық округінен келген Ғайнижамал Ахметова еншіледі. Ғаинижамал Сақыпкерейқызы 40 жылдай ұстаздық қызмет еткен. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Мысалы,  ардагер ұстаздардың төрайымы, ата-аналар комитетінің төрайымы сияқты жұмыстарды жасай жүріп, көпке үлгі бола білді. Қазіргі таңда Жамбыл ауылдық округінің отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұйымының төрайымы. Аудандық, облыстық білім бөлімдерінің Алғысхаттарымен марапатталған.

Коловертное ауылының қатысушысы Өзипа Өтегенова мен қарауылтөбелік Рысты Сыражанова ІІІ орынды бөлісті. Р.Сыражанова Алтын алқаның иегері, 8 баланың анасы. Зейнет жасына дейін мектептің асханасында еңбек еткен. Домбыра тартып, ән айтады. Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін жатқа оқиды. Ұл-қыздары білім мен тәрбиені ұштастырып, өнерімен де көпке танымал. Байқаудың ынталандыру сыйлығына ие болғандардың арасында мәдениет саласында елеулі еңбек еткен, өнерлі отбасының шырағы Күміс алқа иегері, Жайық ауылының ақжаулықты ардақты ана Дина Хасанова да бар. Ол бүгінгі таңда алты баладан сегіз немере, бес жиен сүйіп отыр.

Қатысушылардың барлығына бағалы сыйлықтар мен Алғысхаттар табысталды. Венера Нұрғалиева мен Аслан Бақтығалиев ән шырқап, кештің көрігін қыздырды.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале