30.09.2016, 11:04
Оқылды: 30

«Әкемнің аманатын орындадым»,- дейді атажұртқа 2004 жылы көшіп келген Омар Құлниязов

%d3%99%d0%ba%d0%b5%d0%bc%d0%bd%d1%96%d2%a3-%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d1%82%d1%8b%d0%bd-%d0%be%d1%80%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0%d0%b4%d1%8b%d0%bc-%d0%b4%d0%b5%d0%b9%d0%b4%d1%96-%d0%b0   «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бізде оттан да ыстық бір ғана Отан барын шегелеп айтып келеді. Бұған менің де көзім әбден жетті. Атамекеннің ауасы да, түтіні де айрықша тәтті...».

   Бұл Отанға оралғандардың бірі Омар Құлниязовтың жүрекжарды толғамы.


    Уақыт қандай жүйрік... Омар Құлниязов отбасымен Қарақалпақстанның Қоңырат ауылынан Ақ Жайық өңіріне қоныс аударғанына 12 жылдан асып бара жатыр екен. Содан бері отағасын өзгеше, құдіретті бір сезім билеген. Бұл алдымен балалық шақтан әкесінен естіген түпкі Отан топырағының ерекше қуаты еді. Және Омар әкесі Ищанның бұған балаларының үлкені ретінде тапсырған аманатын орындағанына мың да бір шүкіршілік етеді. «Есіңе салайын, біздің туған жеріміз – Қазақстан, оның Ақ Жайығы. Алла қосса, ата-бабаларымыздың табанының ізі қалған сол өңірге жетуге ұмтыл. Бауырларыңды да ілестір»,- деген еді асқар таудай әке бақилыққа аттанар алдында.

Иә, әке аманаты орындалды. Тоғыз жолдың торабындағы аудан орталығы – Чапаевта бұның отбасын алғашқы күннен-ақ бауырмалдықпен қарсылап, қажет кезінде көмек те берілгені, жұмысқа орналасудың да сәтінің түсе кеткені, соның бәрі жадында ұмытылмастай жатталып қалды. Құрылыс инженері мамандығы бар ол алдымен аудандық білім бөлімінде құрылыс жөнінде маман болып істеді, кейін кадрлар ұясы болып табылатын Ақжайық арарлық-техникалық колледжінде оқытушылықты қолға алды. Дәуір талабына сай жаңарып, жасарған осы колледжге әбден бауыр басты.

Чапаевқа келген соң үш жылдан кейін ол Қоңыратқа барып, біртуған бауырларын жанұяларымен бірге осы жаққа ала келді. Бұл інілері Аспан, Испан, Дәулетбайдың зайыбтарымен бірге, қарындастары Айнаш, Айпаштың жұбайларымен бірге және ең кіші қарындасы Зинаиданың ұлы көші еді. Барлығы да жаңа жағдайға тез икемделді. Чапаевтықтармен күнде көріп жүргендей-ақ, үйренсіп кетті, жұмысқа орналасты. Зинаиданың жергілікті Асылбек есімді өренге тұрмысқа шығуы олардың өрісін тіпті кеңейтті, бұл екеуі де аудан орталығында тұрып, еңбек етеді.

Құлниязовтар халық шығармашылығын сүйіп, қадірлеуімен де көпшілікке мәлім. Омардың өзі домбырада керемет ойнайды, ұжымындағы көркемөнерпаздармен бірге сахнаға шығып тұрады.

– Бақыт деген осы емес пе. Өсіп-өнудеміз, немерелер құлдыраңдап шауып жүр. Ұлым Жігер Оралда, қызым Жұмагүл Ақтауда, тағы бар қызым Нұргүл осы Чапаевта хал-қадірлерінше еліміздің игілігіне еңбек етуде. Сержаным университет бітіріп, өзімнің бір ұжымда, физика пәнінің оқытушысы болып табылады. Барлық қазақстандық сияқты, ұлы мәртебелі Тәуелсіздігіміздің ширекғасырлық тойына еңбек тартуымызды қосуға ұмтылудамыз. Лайым, осындай ажарлы ахуалымыз жасай бергей!,-дейді Омар Құлниязов.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале