20.01.2016, 11:21
Оқылды: 39

ӘКІМДЕР ЕСЕП БЕРДІ

2016-01-20 10.54.53Бөрлі ауданының Ақсу және Ақбұлақ ауылдық округі әкімдерінің есептік кездесуі болып өтті. Аталмыш кездесуге аудан әкімінің орынбасары Жаңабай Қаналин, мәслихат хатшысы Әділхан Құлекешев, сала басшылары мен қызметкерлері қатысты.


Халық алдында өткен жылды қорытындылаған Ақсу ауылдық округінің әкімі Ғарифола Өтепбергенов ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайына кеңінен тоқталды.
«Округтегі әлеуметтік нысандардың барлығы көгілдір отынмен жылытылады. Ақсу ауылы бойынша тұрғын үйлердің 80%, Жаңақоныс ауылы бойынша 82 % табиғи газға қосылған. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2014 жылдың желтоқсан айында Ақсу ауылында су құбыры іске қосылды. Ауылдағы 136 үйге су кіргізіліп, 100 пайыз қамтылды. Жаңақоныс ауылын да ауыз сумен қамту шешімін тапса деген үміттеміз» - деген Ғарифола Өтепбергенов аудан әкімінің орынбасарына ауылға «Билайн» станциясын орнату, тозығы жеткен электр желісінің жағдайы мен Ақсу-Ақсай тас жолының жөндеу көрмеуі тұрғындарға қиындық тудырып отырғанын баяндады.
2016-01-20 10.55.27Ауыл басшысы ауылшаруашылық, кәсіпкерлік және ветеренария, әкім аппаратының жұмысы, қоғамдық тәртіпті сақтау саласы туралы да сөз қозғады. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша «Кәсіпкерлікті өркендетуді қолдау» жөнінде Ақсу ауылдық округінің жұмыссыз тұрғыны Гүлім Мұханбетжанова 1 миллион 500 мың теңге несие алып, 11 бас ірі қара малын сатып алды» - деген ауыл әкімі ауыл бойынша мал өсірумен айналысуға бет бұрып отырған шаруа қожалықтарын айтып өтті.
Кездесу барысында зейнеткер Күлайша Ізбасарова мен ауыл тұрғыны Светлана Подгузовалар сөз сөйлеп, ауылда атқарылған жарқын істерді баяндап, ауылдық округ әкіміне өз ризашылықтарын білдіріп, оң бағаларын берді.
Ақбұлақ ауылдық оругінде де жалғасын тапқан кездесуде ауылдық округ басшысы Наталья Хайранбаева 2015 жылғы атқарылған жұмыстар жайында айтып берді.
Ауыл басшысы Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Ақбұлақ ауылы және Сатайкөл қыстағына қатысты мәселелерге тоқталып өтті.
Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау саласы бойынша кеңінен баяндады.
«2015 жылдың 1 шілдесінен бастап, аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік қолдау мақсатында енгізілген «Өрлеу» бағдарламасына қатысуға 2 тұрмысы төмен отбасы ниет білдірді. Қажетті құжаттар толтырылғаннан кейін, қатысушы Б.Шибетов 1 бас сауынды сиыр және мал азығын сатып алды. Ал қатысушы В. Мамбетқұлов 1 бас ірі қара мал, 2 бас ұсақ мүйізді мал және мал азығын сатып алды. 2016 жылға «Өрлеу» бағдарламасына 4 қатысушы ниет білдіріп отыр» - деді Наталья Михайловна.
Сонымен қатар «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының ІІ бағыты шеңберінде жұмыссыз ретінде тіркелген және нысаналы топтарға жататын 2 ауыл тұрғыны (Н. Ирғалиев пен Ғ. Исламғалиев) жеке кәсіпкерліктерін құрып, мал шаруашылығын дамыту үшін 5000000 теңге көлемінде несие алды. Бөлінген қаражатқа 10 бас жылқы, 15 бас ірі қара мал және 10 бас қой алынған.
Ақбұлақ - ауызбірлігі жарасқан, татулығы берік мекен. Ауыл басшысының баяндамасында тұрғындардың жұмыла көтеріп жасаған жарқын істері де айтылды. Мәселен, өткен жылдың қыркүйек айында ауыл тұрғындарымен өткен жиналыста ақсақалдар және қоғамдық келісім кеңестері атынан «Абұлақ- Ақсай» тас жолын өз күштерімен жөндеу туралы ұсыныс жасалған. Ауыл тұрғындары бір ауыздан қолдаған бұл бастаманың нәтижесінде қаражат жиналып, оған 15 шақырым жолға 80-ге жуық "КамАЗ" ақ бор төселген.
Округте 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Олардың біреуі егіндікпен айналысса, екеуі бақша егумен айналысады. Және де 20 шаруа қожалығы тіркелген.
Осылайша өткен жылды қорытындылаған Наталья Хайранбаева 2016 жылға қойылған міндеттерді атап өтті. Шешілуі тиіс мәселелердің қатарында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін резервтік су құбырын қарастыру, ауыл саябағын абаттандыру, Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткішті жөндеу, округке қарасты жол бойындағы зиратты қоршау, ауыл жанындағы бөгетті жөндеу, қанағаттанарлықсыз жағдайдағы 2 трансформаторды ауыстыру және қоршау, ауыл ішіндегі электр бағандарын жөндеу немесе ауыстыру бар.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған мектеп-балабақша кешені дирекорының орынбасары Зайдагүл Оразбекова мен ауылдық кітапхана меңгерушісі Маржан Имашова және мал дәрігері Жәрдем Сейітовтер сөз сөйлеп, ауыл басшысына ризашылықтарын білдіріп, оң бағасын берді.
Есептік кездесу барысында аудан әкімі Марат Түсіпқалиевтың баяндамасын орынбасары Жаңабай Қаналин оқып берді. Өңір басшысының ауданда жасалған жарқын істер мен қол жеткен мақсаттар туралы баяндалған есебін қос ауыл тұрғындары тамаша қабылдап, оң бағаларын берді.
Екі ауыл әкімінің қойған басты сұрағы Ақсай – Жымпиты тас жолының жөнделуі болды. Жаңабай Нәбиұлы бұл мәселе аудан басшысы Марат Түсіпқалиевтың назарында деп сендірді. Биыл жөнделуі тиіс тас жол елдегі дағдарысқа байланысты келер жылдың еншісіне қалдырылған. Жиында көтерілген өзге де мəселелер бойынша тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға аудан әкімінің орынбасары тұшымды жауап берді.

www.zhaikpress.kz
Айым НҰРҒАЛИЕВА
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале