30.08.2016, 1:56
Оқылды: 38

Әлемдегі жақсылық атаулының бәрі анадан бастау алады

аналар форумы  Әлемдегі жақсылық атаулының бәрі анадан бастау алады. Бұл туралы Оралда өткізілген облыстық аналар форумында айтылды.

  Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, ананың балаға деген махаббаты шексіз, оған  мейірімділік пен нәзіктік тән, ұлттық салт-дәстүрді сақтап, ұрпағын тәрбиелеп, өз ошағын қорғайтын да ана.


   Еліміздің барлық өңірлерінде облыстық ассамблеялар жанынан аналар кеңесі құрылғаны мәлім. БҚО-да аналар кеңесі 2013 жылдан бері жұмыс жасап, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға өз үлестерін қосып келеді. Қазіргі таңда өңірде «Алтын алқа», «Күміс алқа», сондай-ақ бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы», «Батыр ана» ордендерімен марапатталған 8 мыңнан астам көп балалы аналар тұрады. Соңғы кезде атқарушы және өкілді органдарда басшылық қызмет атқаратын әйелдер саны өсті. Барлығы 114 басшы-әйел болса, соның біреуі - Мәжіліс депутаты, енді біреуі - облыс әкімінің орынбасары, бесеуі - аудан әкімінің орынбасарлары, 15-і - ауылдық округ әкімдері, 36-сы - облыстық басқарма, аудандық және қалалық бөлімдер басшылары, 56-сы - облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары. Биыл еліміз тәуелсіздіктің 25 жылдығын кеңінен атап өтеді. Елбасымыз «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында атап өткеніндей, тұрақтылық пен келісім дегеніміз - отбасындағы бақ-береке, тыныштық, ал бейбітшілікті сақтауда әке мен ананың рөлі ерекше.

   Отбасының қоғамдағы орны айрықша екендігін атап өткен өңір басшысы осыған орай Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионованы тәрбиелеп өсірген анасы Наталья Михайловна мен әкесі, жеке бапкері Алексей Станиславовичке ризашылығын білдірді.

  Жиында сондай-ақ Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманәлина, облыстық мәслихат депутаты Ляна Тұрсынова, «Ана үйі - Дом мамы» қоғамдық қорының БҚО бойынша үйлестірушісі Надия Лисицына және басқалар өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале