17.07.2015, 19:01
Оқылды: 19

Әлемдік бәсекелестікте бәсін жібермегей

Deputat Oralda0017Еліміздегі қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу жайымен танысу үшін өңірімізге іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шавхат Өтемісов, Виктор Киянскиий, Самиғолла Оразов, Елена Тарасенко «Жастық» аргофирмасы» ЖШС-ның тыныс-тірлігімен танысты. Депутаттарды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков бастап жүрді.

Халық қалаулылары алдымен Оралдағы Неусыпов көшесіндегі кәсіпорынның бұрынғы сүт өңдеу цехында болды. Одан кейін олар  №1 нан зауыты ауласындағы сүт зауытының жаңа цехын көріп, мамандармен әңгімелесті.

«Жастық» агрофирмасы» ЖШС өнім өндіруге қажетті шикізатты облыс орталығына іргелес Зеленов ауданына қарасты ауыл-аймақтан арнайы көлікпен тасымалдап алады. Кәсіпорында айран, кілегей, майлылығы 3,2 және 2,5% болатын  сүт түрлері, балмұздақ, май-қаймақ, барлығы 15 түрлі сүт өнімдері өндіріледі. Жергілікті сүт өнімдерімен негізінен облыс орталығындағы жабық мекемелер, бала-бақшалар, мектептер қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар сауда орындарына да тапсырыспен жөнелтіледі. Қазір серіктестікте 50 адам жұмыс істейді. Сүт зауытының технологы Виктория Мұхамедғалиеваның айтуынша, қазіргі жұмыс істеп тұрған ескі цехта ай сайын 50 тонна май-қаймақ, 15 тонна қышқыл өнім түрлері өндіріледі. Аусымына өндірілетін сүт түрлерінің көлемі 2 тоннаны құрайды. Өнім көлемі тапсырыстардың түсу ыңғайына қарай  реттеліп отырады екен.

Хамзат Исаевтың айтуынша, зауытта өндірлген сүт және сүт өнімдерінің сауда орындарында өтпей жатып қалу қаупі жоқ. Өйткені өнімді сан қуалап емес, сапалы етіп сұраныс көлеміне қарай шығару жолға қойылған. Жыл санап сапалы әрі табиғи өнімдерге өз өңірімізде сұраныс өсіп келеді. Дегенмен әлі де ізденіс керек. Марат Оңғарбековтың айтуынша, кәсіпорынға маркетингті дамыту, өз өнімдерін тұтынушыларға тереңірек таныстырып, жарнамалау қажеттігі айқын сезіледі.

  • Шаруашылықта 600 бас асыл тұқымды мал болса, соны өсіруге жұмсалған шығынның 50 %-ын мемлекет өтейді. Тек шаруашылықтың құжаттары дұрыс дайындалуы керек. Өзге салаларда да, мысалға, ет, сүт өңдейтін кешендердің салынуына жұмсалған шығынның жартысын мемлекет өз мойнына алып отыр. Міне, осындай шаралар арқылы отандық өндірісшілерге қолдау көрсетілуде, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов журналистерге берген сұхбатында.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале