17.07.2015, 18:31
Оқылды: 27

Әлеуметтік жауапкершілікке сергек қарау жарасады

B maken katiskan 0001    Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша облыстағы түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйым-мекемелерде еңбек заңнамасы талаптарының сақталуы бойынша 214 тексеру жүргізілген. Соның нәтижесімен еңбек заңнамасын бұзудың 260 фактісі анықталып, жауапты тұлғаларға 6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш жақты комиссия отырысында мәлім болды. 

Басқосуда еңбек қақтығыстарын ескерту, еңбекақы бойынша берешегі бар облыстық кәсіпорындардың қазіргі жай-күйі және өзге де мәселелер қаралып, талқыланды. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жанат Асантаевтың  баяндауынша, жүргізілген мониторингке сәйкес облыс бойынша әлеуметтік шиеленіс жағдайы елеусіз болып табылады. Солай бола тұрғанмен биылғы мамыр айында Зеленов ауданындағы «КазСтройСервис» АҚ Орал филиалында туындаған  еңбек дауына байланысты мемлекеттік құрылымдардың  басшылары мен жауапты мамандары жұмысшылармен кездесіп, еңбек заңнамасы бойынша түсінік берген. Сонымен қатар аталмыш филиалға жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталмаған әрі филиалдағы жағдай тұрақты.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен тұрғындарды жұмыспен қамтудың әлеуметтік маңыздылығына тоқталды.  «Кәсіпкерлік саласындағылар еңбек адамының құқығын сақтаудың маңызына мән беріп, ұжымдық шарттарға қол қоюға сергек қараулары тиіс. Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасауда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 4 жыл бойына қомақты қаржы бөлінді. Сондықтан жұмыс берушілер жұмысшылар алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінулері тиіс», - деген Бақтияр Мәкен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале