28.09.2016, 18:37
Оқылды: 27

Әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар мен тротуарлар жөнделеді

trotuar    Орал қалалық әкімдігінің үлкен залында қалалық мәслихаттың 7-ші кезекті сессиясы өтті.

Сессияда халық қалаулылары Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевтің есебін тыңдады. Оның баяндауынша, Орал шаһарында жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп, жолдар мен желілер жөнделіп, аулалар абаттандырылуда.


   Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. 2016 жылдың 8 айынын қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 77,2 млрд.теңге құрап, 2%-ға елеусіз кеміген. Кему өнеркәсіптің өңдеу өнеркәсібінде, электрмен жабдықтау саласында, тау-кен өнеркәсібінде, сумен жабдықтау саласында орын алған. Орал қаласы бойынша биыл 4,6 мың га жерге жаздық дәнді дақылдар егіліп, толықтай жиналып алынды. Биыл қаланың агроқұрылымдарының өз қаражаты есебінен жылыжайлардың аумағы 4 мың шаршы метрге өсіп, олардың жалпы аумағы 15 мың ш.м.-ді құрады. Таяуда  ауданы 12 мың ш.м болатын «Орал жылыжай» ЖШС кешені пайдалануға берілмек. Сонымен қатар аумағы 50 мың ш.м болатын өнеркәсіптік жылыжай кешенін салуға, жеке инвесторлар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Индустриаландыру картасы шеңберінде биыл жыл соңына таман Оралда 97 адамға жұмыс ұсынатын құны 5,6 млрд. теңге болатын үш жоба іске қосылады. Олар:қара уылдырық және тауарлық бекіре етін өндіретін аквакешен, «Зенит» зауытының құрғақ салмағы 600 тоннаға дейінгі жаңа класты теңіз кемелері өндірісі, «СпецСтройСервис»ЖШС-ның ұсақ бетон бұйымдары өндірісі зауытының құрылысы жобалары.

Қала басшысының айтуынша, қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Биыл барлық бағдарламалар бойынша 20 үй (2498 пәтерлік) салынуда, оның жетеуінің құрылысы келесі жылы жалғасады. Қаланың Деркул, Зашаған кенттерінде, қаланың солтүстік-шығыс және орталық бөліктерінде жаңа мектептер ашу қажеттілігі туындап отыр.  «Үш тілде оқыту – заман талабы болып  табылады. 2013 жылдан бастап  қаланың 22 мектебінде көптілділікті енгізуге дайындығы бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Биылғы оқу жылының басында 13 мектепте (математика, физика, биология, география) кейбір пәндер бойынша сабақ көптілділік негізгі қағидаттарын қолдана отырып жүргізілуде»,- деп атап көрсетті Нармиман Төреғалиев.

Биыл 23 шақырымды құрайтын 19 қала көшесі жөнделуде. Өткен жылы әкімдікпен құны 833 млн. теңге болатын 38 аула аумағын абаттандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Биыл 30 ауланы жөге келтіру көзделіп, соның 20-сында жұмыстар басталған. Қалғаны он ауланы жөндеу бойынша конкурс жарияланған.Одан басқа 31 аула аумағын ааттандыруға жобалық-сметалық құжаттама жасалмақ. Сөйтіп келесі жылы 40 аула ретке келтіріліп, соның 30-ына спорттық алаң құрылғылары орнатылады. Қала әкімі тағы бір жақсы жаңалықпен бөлісті: алдағы жылы қалалықтарға қолайлы жағдай туғызу үшін қаладағы барлық әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар мен тротуарлар салынады немесе жөнделеді. Мұндай нысандар саны 150-де, олардың 30 пайызы жайландыруды қажет етеді.

Сессия жұмысында қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының күзгі-қысқы маусымға дайындығы туралы мәселе қаралды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиевтің хабарламасына сүйенсек, қаладағы 1164 тұрғын үйдің 1035-інің жылыту желілері қысыммен тексерілген және олардың жылыту маусымына дайындығы 89%-ды құрайды. Коммуналдық кәсіпорындардың қысқы маусымға дайындығы жаман емес. «Жайықжылуқуат» АҚ жабдықтарды, желілерді жөндеу жұмыстарын100 %-ға,  "Батыс Су Арнасы" ЖШС жөндеу жұмыстарын 86 %-ға оырндаған. Бірқатар қала көшелеріндегі су құбырын қайта жұмыстары қазан айына дейін аяқталмақ. "БҚЭЖТК» АҚ ҚФ-ның, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ӨФ-ның жылыту маусымына дайындығы аяқталған.

Сессияда Орал қаласының 2016 жылға арналған бюджетін нақтылау мәселесі қаралды. Орал қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Бибігүл Ниетқалиева қала бюджетін 569 850 мың теңгеге және соның ішінде облыстық бюджет есебінен 8184 мың теңгеге, қалалық бюджеттің кірістері есебінен 561666 мың теңгеге нақтылауды ұсынды. Мұндағы облыстық бюджеттен бөлінген қаржы қала мектептеріне оқулықтар сатып алуға бағытталды. Ал қала бюджетінен бөлінген қаржының негізгі бөлігі бөлімдердің  ағымдағы шығындарына, жол-көпір шаруашлығын ұстауға, көгалдандыруға, жолдарды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауға қарастырылған.  Сонымен қатар бюджет қаражатын қайта бөлу бюджеттік бағдарламалар әкімшіліктерінің хаттарына сәйкес бағдарламалардың іс-шаралары ішінде 111143 мың теңге шамасында қарастырылған және оның негізгі бөлігі жөндеуден өткен №36, 39 мектептердің материалдық –техникалық базасын нығайту, жаңадан ашылған бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбекақыларын төлеу шығындарына бағытталды. Бұдан басқа бұрын өткізілген білім бөлім бойынша 62806 мың теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бойынша 21034 мың теңге шамасында түзетулер нақтыланды. Депутаттар бюджетті нақтылауды мақұлдады, соның нәтижесінде белгіленген өзгертулен есебінен қалалық бюджет 31720241 мың теңгені құрайды.

Халық қалаулылары келесі кезекті сессияның төрағалығына Дархан Қадралиевті сайлады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале