2.12.2015, 11:00
Оқылды: 34

Ән-ғұмыры мәңгі үлгі

Shingirlau an gymiri   Шыңғырлау ауданының өмірінде, өнер тарихында есте қаларлықтай айшықты шара өткізілді. «Аққұмның Ақкербезі» атанған, әнші-термеші Қазақстанның еңбегі сіңірген әртісі Қалампыр Рахимованың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында ескерткіш-мүсін ашылды.


 

Қалампыр Рахимова киелі Алмаз топырағында 1949 жылдың 1 қаңтарында өмірге келді. Ол бастауыш мектепті Соркөлде оқыды, одан кейін оқуын Лубенде жалғастырды. 1966 жылы мектепті бітіргеннен кейін өз ауылында клуб меңгерушісі болып еңбек жолын бастады. Әншілік өнерге өмірін арнауына халқымыздың әйгілі әншісі, атақты Ғарифолла Құрманғалиевтің тікелей әсері болды. Шыңғырлау өңірінде болған сапарында Ғарекең жас талантты тани біліп Алматыға шақырады. Сөйтіп, Қалампыр «Гүлдер» ансамбліне жұмысқа орналасып, әнші-термеші ретінде таныла бастайды. Репуртуарында 100-ден аса әндер болған. Қалампыр бар өмірін қазақтың әнін, домбырасын дүние жүзіне танытуға арнады.

Аудан орталығындағы саябақта өткен ескерткішті ашу құрметі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жезтаңдай әнші Қ.Бердіғалиев пен аудан әкімі А.Халеловке берілді.

Түстен кейін аудандық мәдениет үйінде «Қалампыр салған әндер-ай!» атты шығармашылық еске алу кеші өтті.

Шараны ашқан аудан басшысы арнайы шақыртумен келген Батыс Қазақстан өнерінің мақтанышы, арқалы әнші Қатимолла Бердіғалиевке, «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО арнайы тілшісі, Қазақстан журналистер сыйлығының лауреаты Темір Құсайынға, облыс орталығынан келген басқа да қонақтарға алғысын білдірді.

Шығармашылық кеште Қ.Бердіғалиев, Е.Өмірәлі,  Ақсайдан арнайы келген әншілер Мұхит Біранов пен Жаңыл Чигиревалар және аудан өнерпаздары өнер көрсетті.

www.zhaikpress.kz

Адақ Шотпанов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале