11.11.2015, 18:21
Оқылды: 27

Әріптестік аясы кеңейе түсті

Orenburg01   Күні бүгін Батыс Қазақстан облы­сының үлкен делегациясы Ресейдің көршілес Орынбор облысында жүр. Батыс­қазақстандықтар мұнда «Орынбор – Еуразия жүрегі» деген атаумен өтіп жатырған V Еуразиялық экономикалық форум жұмысына қатысуда.

Жалпы форумға қатысуға 12 елдің өкілдері ықылас танытқан болатын. Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғызстан секілді ТМД-ға мүше мемлекеттерден бөлек, Чехия, Италия, тіпті алыстағы Ауғанстаннан ат арытып жеткен қонақтар алдағы үш күн ішінде өзара ықпалдастық мәселесін талқыламақ ниетте. Бұл үшін олар Орынбордағы ең ірі «Armada» сауда орталығына жиналды. Дәстүрге айналған іс-шара биыл үш негізгі бағытта өткізілмек. Бағдарламада бұрыннан бар экономикалық бағытқа енді білім беру және мәдени байланыстарды дамыту қосылып отыр. Форумның алғашқы күні «Тиімділік және сапа» атты халықаралық инвестициялық-инновациялық жобалар көрмесімен басталды. Экспозицияда Орынбор өңірінің басқару құрылымдары жайлы ақпарат беріліп, ірі мекеме-кәсіпорындар шығарған өнім түрлері көрініс тапты. Көршілер ұйымдастырған көрмеде батысқазақстандық тауар өндірушілер де өз өнімдерін жан-жақты жарнамалауға мүмкіндік алды. Нақты айтқанда 20-дан аса кәсіпорын көрмеге қатысты. Мысалы, оралдық «Батыс-Продукт» ЖШС-і ресейліктерге жақсы таныс. Серіктестік оған көп жылдан бері кондитер өнімдерін экспорттап отыр. Қазіргі таңда кәсіпорын экспорттаған 50-ден аса өнім түрлерінің 80 пайызы Орал мен Мәскеу базарларынан молынан табылады. Әйтсе де «Батыс-Продукт» ЖШС-і көрмеге қатысу арқылы, жаңа серіктестер табуға ниетті.

«Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ-ның өкілдері түрлі өнімдерімен таныстырды. Елу жылдан астам нарықта жүрген компания әріптестікке әзір. Аталмыш компанияның басқару кеңесінің төрағасы Мұхаметжан Кенжеғұлов Кедендік одақ құрылғалы Ресейдің көршілес облыстарымен іскерлік байланыс нығайғанын айтады.

Форумның алғашқы күні көрмелерден өзге семинарлар да ұйымдастырылды. Оларда ЕЭО пен Кедендік одақ аясындағы өндірісті субсидиялау тетіктері сөз болды. Кейінгі екі күнде форум қатысушылары дөңгелек үстелде бас қосып, өзара тәжірибе мен пікір алмаспақ.

www.zhaikpress.kz

Альбина БАЙҚОНАҚОВА

Суретті түсірген Медет ДОСЫМОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале