18.08.2015, 16:19
Оқылды: 56

«Әулет» кемпингі ашылды

 

аулет (1)Чапаев ауылдық округінде, Орал-Атырау күрежолының бойында «Әулет» кемпингі ашылды. Бұл нысан облысқа танымал кәсіпкерлер ерлі-зайыпты Асқар Қабанов пен Мақуза Мусақызының адал еңбегінің бір қырын танытады.

Кемпингтің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов, аудан әкімі Әділ Жоламанов, Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов қатысып, аталған кәсіпкерлердің, халықтың қуанышын бөлісті.

Олар осындай ірі құрылыстарды жүргізіп, жұртымыздың игілігіне ұсыну азаматтардың туған жерге деген сүйіспеншілігінің, қамқорлығының сөзсіз айғағы екенін айтып, нысан иелеріне ақ тілектерін арнады.

Кешен 4 ғимараттан тұрады. Мұнда 50 адамға арналған асхана, веб-зал, 20 орындық мейманхана, сауна және құрылыстық темір-бетон сататын алаң бар. Болашақта шаштараз, т.б. халыққа қызмет көрсету орындарын ашу көзделуде. 30 адам жұмыс істейді.

Салтанатты шарада кешеннің иесі Асқар Қабанов барлық ел азаматтарына өз ісіне лайықты қолдау көрсеткені үшін шын ризашылығын білдірді.

аулетҚабановтар әулеттің немере ағайындары, қазір Араб Әмірліктерінде, Дубай қаласында жұмыс істейтін ерлі-зайыпты Самат, Қарлығаш Ахметовтер осы салтанатқа арнайы келіпті:

– Біз шетте жүрсек те, туған жеріміздің гүлденуіне әрқашан тілекшіміз. Осыдан бірер жыл бұрын Асқар бауырым Жаңабұлақ ауылында осы аттас, «Әулет» тойханасын салып, ел игілігіне тапсырған болатын. Оған қоса шағын дүкен және кафе де іске қосылған еді. Енді, міне, бұл аймақта жоқ кемпинг салынды. Жеңешеміз Мақуза да осал емес. Ауданға танымал осы округтегі «Жамиға» шаруа қожалығының жетекшісі. Қожалықта 1525 қой-ешкі, 127 ірі-қара, 161 бас жылқы бағылуда. Мұның өзі атакәсіптің өрістеуінде үлкен олжа,-дейді ризашылығын жасырмаған Самат.

Кемпингтің ашылу лентасын қию құрметі ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов мен Асқардың туған ағасы, Жаңабұлақ ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеғали Дабысқалиұлына берілді.

Мерекелік көңіл-хошты көркемөнерпаздар ән-күймен тіпті көтеріп жіберді.

                                                                                www.zhaikpress.kz

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале