4.06.2015, 18:49
Оқылды: 24

Өздігінен сүндеттеліп қалған сәби


IMG_0541Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында таңғажайып орын алды. Екі жарым жастағы Аят Болат маусымның 2-сінен 3-іне қараған азанда өздігінен сүндеттеліп қалған. Осы жайды естісімен, біз кішкентай Аяттың үйіне арнайы іздеп барып, мән-жайға қанықтық.

Таң қылаң бере Аят жылап оянады. Анасы Әсем де баласының даусынан оянып, қасында жатқан әкесінің бір жері қатты тиіп кетті ме екен деп пайымдайды. Ұйқыдан оянған соң, Аят насыбайын ауырсынып жылайды. Атасы Болат «қане, көрейін» деп қараса, насыбайының ұшы пышақпен тіліп жібергендей екіге айырылып тұр екен. Балаларына: «Аятты періште сүндеттеп кеткен»,- дейді.  Мұндай естіп-көрмеген жас ата-ана аң-таң болады.  Аят «сүндеттелген» күні сәл ауырсынып, қызулағанымен, қазір шауып ойнап жүр. Ал, Болат Темірғалиев ағамыздың әкесі Бақыт атаның, оның арғы ата-бабаларының кісі емдеп, бала қиятын, арқалы, қолы шипалы жандар болғанын ел біледі. Болат ағаның айтуынша, кішкене күнінде өзін де, дүниеден озған ұлы Ерболды да осылай «періштелер сүндеттеп» кеткен екен. «Мұндай оқиға біз үшін таңсық емес. Тұқымымызда үшінші рет орын алып отырған жайт бұл. Аталары шөпшек, неменеміздің денесіне пышақ тимесін деген ниетпен осылай еткен шығар. Дәрігерге көрсететін несі бар, бұрыннан бізге таныс жайт»,- дейді. Болат ағаның өзі де қазір бала қиып, сынық салады.

IMG_0540Аят 2012 жылы құрбан айт кезінде дүниеге келіп, есімі соған орай Аят деп аталыпты. Алдында екі әпкесі бар. Әжесі Жұмазияның айтуына қарағанда, кішкентай Аят әдейілеп ешкім үйретпесе де, астан соң бет сипайды екен.

Отбасында тылсым жайт орын алған соң, Болат аға Сырым аудандық мешітінің өкіл имамы Армат Кәрімовты шақыртып, шелпек пісіріп, құран оқытты. Енді құдай жолында садақа бермек.

Таңғажайып оқиғаның жай-жапсарын Сырым аудандық мешітінің өкіл имамы Армат Кәрімовтен сұрағанымызда: «Бұл тек Алланың қалауымен болған іс. Мұндай оқиға арқылы Аллаһ тағала адамның өресі жетпейтін  тылсым күштің барын сездіртіп, азғындап бара жатқан адамдарға ой салғысы келген шығар»,- дейді.

Иә, расында, дүние қуып, арам ниетті арқалап жүре бермей, бір мезгіл біздің іс-әрекетімізді көріп-біліп, ақіретте жауабын сұрайтын Аллаһтың барын ұмытпауымыз керек.

www.zhaikpress.kz

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале