20.01.2016, 10:08
Оқылды: 30

Өзекті мәселелер сөз болды  

 

жалпактал (1)Есеп беру жиындары 18-19 қаңтар күндері Жалпақтал, Қараөзен, Талдыапан, Талдықұдық, Жаңажол, Ақпәтер ауылдарынан басталды. Округ әкімдері Самиғолла Ақмурзин, Бауыржан Қабдолұлы, Асқар Есқалиев, Ақмарал Қуанышқалиева, Арман Алдабергенов, Есенгелді Айсағалиевтердің халық алдында жыл ішінде атқарылған жұмыстар және алда тұрған міндеттері туралы хабарламалары тыңдалды. Бұл жиындарға аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр, аудандық мәслихат хатшысы Еркін Ғазезов, аудандық мәслихат депутаттары және мекеме кәсіпорын басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.


Әрбір ауылдық округтерде есеп беру жиындарында шешімін күткен өзекті мәселелер сөз болды.

Жалпақтал ауылында қай сала болса да, алға жылжу байқалады. Округ тұрғындары құс өсіру, тері өңдеу, кәсіпкерлікті кеңейту, жылыжай салу, автокөлік жөндеу бекетін салу, шаштараз ашу, мал салып алу, наубайхана кәсібін кеңейту секілді жұмыстарға несие алып, кәсіпкерлік жұмыстарына ден қоюда.

Осындай кездесуде аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжебай Үмбетов, Жалпақтал ауылдық округі қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ғилым Едекешев, білім саласының үздігі, «Ерен еңбегі» медалінің иегері Баян Қабиева, жастар атынан Нұрсұлтан Рамазанов жарыссөзге қатысып, өздерінің көкейде жүрген сауалдарын тастады. «Ертегі» бөбекжайын күрделі жөндеу, спорт мектебін жөндеу, мәдениет үйіне көлік алу, өнер мектебінің статусын беру секілді мәселелер көтерді. Сонымен қатар «Балдәурен» бөбекжайын дейін жаяу жүргіншілерге арналған жол төсеу, Құлақ елді мекенінен оқушыларды таситын автобус жайы да әңгіме өзегіне айналды. Ауыл әкімі Самиғолла Сафиоллаұлы кейбір мәселелердің аудан көлемінде шешілетіндігін жеткізіп, жиынды қорытындылады.

жалпактал (1) жалпакталҚараөзен ауылында өткен есеп беруде «Жанар» шаруа қожалығының жетекшісі Махамбет Қисетов, ауыл тұрғындары Әмина Айдынова, Марат Қарабалин, Нәбіл Мұхамбетқалиев, Ерғали Шайхиев көбік қаздыру, мал ұрлығының ешқандай нәтиже жоқтығын, «Ақ бұлақ» бағдарламасы іске аса ма деген сұрақтарын қойса, Желтоқсан көшесінің екінші бағытына тұрғын үй салу жайы, Қараөзен ауылының құрылғанына 50 жыл толуына орай шаралар жоғары деңгейде өтсе деген ұсыныс-пікірлерін, көкейде жүрген сауалдарын тастады. Ауыл әкімінің есеп беру жиынында қаралған, талқыланған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Ал аудан орталығынан жырақта жатқан Талдыапан ауылында былтырғы жылдың өзінде біраз жұмыстар атқарылыпты. Мұнда былтырғы жылдың өзінде ауыл тұрғындарына төрт құдық, Бейістерек, Қособа, Талдыапан ауылдарына төрт көбік қазылыпты. Шаруа қожалықтарының ұйымдастыруымен жұмыстардың жүргізілгендігі байқалады. Тек өкініштісі мұнда газ бен ауыз су тапшылығы бүгінгі өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Бұдан басқа ауыл тұрғындары аудан әкімі Нұрлан Мағазұлына жанар-жағармай станциясы салынса, 18 шақырымдық жол жөнделсе, дәріхана ашу, мал жайылымы жайлы сауалдарын қойып, ауыл әкіміне қанағаттанарлық деген бағаларын берді.

Ауыл әкімінің есеп беру жиыны Талдықұдық ауылында жалғасын тапты. Ауыл басшысы 2015 жылы атқарылған жұмыстардан баяндама жасады. Баяндаманы талқылауға қатысқан ауыл тұрғындары өз ойларын ортаға салды. Мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, ұялы байланыс орнату, тозығы жеткен электр желісін жөндеп, трансформаторын ауыстыру сияқты мәселелерді көтерді. Жиынға қатысқан көпшілік ауыл әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген бағаларын берді.

Жаңажол ауылында жалғасқан есеп беру жиынында «Ақбұлақ» бағдарламасын іске қосу, Әбіш мектебіне жылыту жүйесін орнату, халық күгімен клуб салу, амбулаторияны жаңарту, Қараөзен мен Жалпақтал сияқты бір көшеге болса да асфальт жол төсеу, «Сакрыл» көліне мол су алып, қақпаларын жөндету секілді мәселелер әңгіме өзегі болды. Жарыссөзге қатысқан ауыл тұрғындары ауыл айналасын күл-қоқыстан тазарту, ауыл әкіміне қызметтік көлік беру, электр жарығының сөніп қалуы секілді сауалдар қойып, ауыл әкімінің жұмысына оң бағаларын берді.

Ақпәтер ауылдық округінің әкімі Есенгелді Айсағалиев 2015 жылдағы округ бойынша жүзеге асқан тірліктер жайында айтты. Бұл округте лизингке техника алу, мемлекеттен берілген қаржыларға қол жеткізіп, халықты жұмыспен қамтып, мал өсімін жоғарлату, ауылшаруашылығы жұмыстарын жүргізу барысында шешімін тауып жатыр. Шаруа қожалықтары ауыл ішіндегі көптеген мәдени шараларға белсене араласып, демеушілік танытуда. Жарыссөзге қатысқандар өз ойларын ашық айтып, сауалдарын қойды. Мұндағы көтерілген Н.Байысов көшесіндегі жолды көтеру, күрес мектебінің шатырын жөндеу, мәдениет үйі, мектеп ауласына келіп тұрған су құбырын ауыстыру, округтегі тозығы жеткен электр бағандары мен электр желілерін ауыстыру секілді түйткілді мәселелер сөз болды. Ауыл тұрғындары округ әкімінің жұмысына оң бағаларын берді.

Округте өткен есеп беру кездесуін аудан әкімі Нұрлан Мағазұлы  қорытындылады.

Есеп беру жиыны соңында мекеме басшылары тұрғындардың жекелей сұрақтары бойынша қабылдау жүргізді.

www.zhaikpress.kz

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале