2.09.2016, 10:45
Оқылды: 18

Көңілдесін өлтірмекші болған Теректі ауданының бұрынғы әкіміне үкім шығарылды

1-700x467   БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Ғұбашев Теректі ауданының бұрынғы әкімі Жеңіс Серікқалиев пен оның сыбайластары Арман Қожамұратов пен Бейімбет Исмағамбетовке қатысты үкім шығарды.


  Сот талқысында белгілі болғанындай, жәбірленуші Кристина Сәлімгереева Ж.Серікқалиевтің жақын қарым-қатынаста, яғни көңілдесі болған. Әйел одан 2013 жылы туған қызын  мойындауды талап еткен, соның салдарынан екеуінің арасында керіс туындаған. Аудан басшысы Сәлімгереевадан «құтылуды» ойластырып, өзінің досы, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арман Қожамұратовтан көмек сұраған.  А.Қожамұратов бұл «жұмысты» өзінің жүргізушісі Бейімбет Исмағамбетовке тапсырған. Бұл тапсырыс 500 мың теңгеге бағаланған.

   Б.Исмағамбетов 24 ақпанға қараған түні К.Сәлімгерееваға шабуыл жасап, бірнеше жерінен пышақ сұққан. Дегенмен ол тірі қалып, үш айдан кейін түзеле бастаған соң, шабуыл жасағанның кім екендігін айтқан.

   10 мамыр күні Б.Исмағамбетов ұсталса, келесі күні А.Қожамұратов қолға түсті. Тапсырыс беруші Ж.Серікқалиев 27 мамыр күні тұтқындалды.

  Ж.Серікқалиев пен А.Қожамұратов 11 жылға, ал Б.Исмағамбетов 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң тәртіптегі түзету колониясында өтеуге сотталды. Оған қоса А.Қожамұратовқа нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.

   Жәбірленуші К.Сәлімгереева А.Қожамұратов пен Б.Исмағамбетовтен әрқайсысынан 1 млн теңге көлемінде моральдық шығын өндіру жөнінде талап-арыз берген, оның бұл өтініші қанағаттандырылды. Ал Ж.Серікқалиевтен мұны талап етпеген. Оның орнына К.Сәлімгереева қызының әкесінің кінәлі еместігін мәлімдеп, сот үкіміне шағым түсірген кезде оның адвокатын қолдайтындығын білдірді.

   Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале