5.03.2016, 13:43
Оқылды: 33

Өз ісіне берік жан

Oz isine berik jan   Өмірде түрлі салада өзінің қалаған мамандығын жан-тәнімен сүйіп, еңбекқорлығымен көзге түсіп жүрген жандар аз емес. Сондай мамандық иелерінің бірі – Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті Кадр жұмысы басқармасының жетекші маманы Бекқұлова Гүлсара Ихсанқызы.  Ішкі істер саласында жұлдыз таққан арулармен иық тіресе қызмет етіп келе жатқан Гүлсара Ихсанқызы еңбек жолында қызметінің талай қызығы мен қиындығын көрді.


Гүлсара Ихсанқызы 1963 жылы БҚО Теректі ауданы Төңкеріс ауылында дүниеге келген. Арнайы орта орыс мектебін бітіргеннен кейін қызметтік жолын БҚО ауылшаруашылық институтының лаборанты қызметінен бастап, 1984 жылы ішкі істер органдарына қызметке орналасады. Мұнда Орал қаласы ІІБ есеп жөніндегі инспекторы лауазымынан бастайды. Ол кезде Орал қалалық мемлекеттік тергеу комитетте бас іс-қағаздарын жүргізушісі, яғни машинист ретінде қызмет атқарады. Кейін ішкі істер органында түрлі салаларда қызмет етеді. Кадр жұмысына 2005 жылы ауысады. Содан бері осы басқармада табан ауыстырмай жұмыс істеп келеді. Жалпы ішкі істер саласында 32 жылдай қызмет атқаруда. Талай қызметке жаңа аяқ басқан азаматтардың қызметтік істерін жинақтап, оларға қызметтік куәліктер даярлау, жеке құрамның жеке істерін толықтыру,  ескі құжаттарды архивке жолдау – мұның бәрі осы кісінің қолынан өтеді. Әрине,  бұл қызмет тек үлкен сабырлылық пен төзімділікті талап етеді. Қызмет атқару кезінде ІІМ және ІІД тарапынан түрлі алғыс хаттар мен мақтау қағаздарына ие болды.

Әңгіме барысында Гүлсара Ихсанқызынан сүйікті жыл мезгілі мен мерекесін сұраған едік, ол ойланбастан «мен көктем мезгілін ұнатамын, себебі, көктеммен бірге тіршілік оянады. Әлем нұрға бөленеді. Қақаған қыстан шыққаннан кейін көктемнің самал лебі адамды жақсы көңіл күйге бөлейді. Әрине, көктем мерекелерін де асыға күтемін, алайда, сыйлық алуға аса құмар емеспін. Маған балаларымның мені құттықтап, жылы лебіздерін білдіргенінің өзі жетіп жатыр», - деді асыл анамыз.

Жаны сұлулық пен тазалыққа жақын әріптесіміз үй тіршілігіне де ұқыптылықпен қарайды. Қолы босаған сәтте балаларына дәмді бәліштер мен тәтті тағамдар пісіруден еш жалыққан емес. Сондай-ақ, үй ішінде түрлі өсімдік өсіруге де жаны жақын, оларға күтім жасап, ерекше мән береді.  Бір ұл бір қыз тәрбиелеп отырған ана балаларына дұрыс бағытқа жол бастап, аналық ақылын айтып отырады.  Қазіргі уақытта балалары бір-бір маман иесі. Ұлы үйленіп немересі Ихсан тәтті қылықтарымен қуантып келеді.

«Отбасы-шағын мемлекет» деген сөз бар. Ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ мемлекеттің құт берекесі десек, біздің де  кейіпкеріміз  үшін де бірінші орында отбасының берекесі әрдайым биік тұрады.  Сондықтан, біз Гүлсара Ихсанқызын өз тарапымыздан осынау көктем мезгілімен тұспа-тұс келіп отырған 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтай отырып, қарбалас қызметіңізге қарқынды қайрат пен күш –жігер тілейміз!

www.zhaikpress.kz

Асылай Губашева

БҚО ІІД баспасөз қызметкері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале