21.10.2015, 15:05
Оқылды: 47

Өмірі ұрпаққа өнеге

дуйсековтерХалқымыздың дана сөзі жас кезіңде бейнет болса, қартайғанда зейнет бар дегендей. Сөз еткелі еңбек және тыл ардагерлері сексеннің сеңгіріне шыққан отбасы отағасы Сағынғали (Садеш) Дүйсеков пен отанасы Зауреш Дүйсекова (Қайсағалиева) жөнінде болмақ.

Сағынғалидың балдәурен балалық шағы ІІ дүниежүзілік Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Бала болып ойнап, тойып тамақ ішіп, киім киіп балалық  кезеңді өткізетіндей уақыт болған жоқ. Атасы, әкесі соғысқа аттанғанда, әжесі Жүрек пен анасы Сәнге көмектесіп, 7-8 жасынан еңбекке араласты. 1932 жылы құрылған Голошекин атындағы колхозда (кейіннен республикада Министрлер кеңесінің төрағасы болған Елтай Ерназаров  атындағы «Елтай» колхозында) науқандық колхоз жұмыстарында атқа жегілген тырнауышпен жер тырмалап, өгіз айдап, пішеншілерге су, азық- түлік тасыды. 1947 жылы Қараоба жетіжылдық мектебінің бірінші сыныбына  барып, 1954 жылы бітіріп шықты. Мектепті  өте жақсы бітірді. Оқуға деген ынтасын байқаған ұстазы Хайырлы Бейісовтің «Сағынғали, сен біліміңді әрі қарай жалғастырсайшы. Оралдағы оқу орындарының біріне түсуіңе көмектесейін» деген болатын. Бірақ отбасын ойлаған бозбала ұстазының тілегіне алғысын айтып, еңбекке араласу керек деп шешті.

1954 жылы Кошанкөл МТС–да 5 айлық трактор курсында оқып, Н.С. Хрущевтің Қазақстандағы тың игеру жөніндегі үндеуіне өз үлесін қосып, алғашқылардың бірі боп дөңгелекті трактордың руліне отырды.

Дәл осы кезеңде отанасы Зауреш те 1953 жылы алғашқы тракторшы қыздардың бірі ретінде еңбекке араласып жатқан еді.

1962 жылдары колхоздар біріктіріліп, совхозға айналып жатқан кезең болатын. «Қошанкөл» совхозы кейіннен 1965 жылы «Қараоба» қой совхозына айналғанда, Сағынғали аға мен Зәуреш апа да бел жазбай еңбек етіп, ел экономикасын өркендетуге өз үлестерін қоса білді. Шаруашылықтың әртүрлі саласында ХТЗ, ЧТЗ, МТЗ-50, ДТ-75 маркалы тракторларын айдап. 1968 жылға дейін осы салада аянбай еңбек етті. 1968 жылдан бастап анасы Сәннің шопандық ала таяғын ұстап, зейнетте шыққанға дейін шопан болып істеді. Ауа райының ыстық-суығына қарамай, қой малының өз төлі есебінен өсіп-көбеюіне мемлекетке ет, жүн тапсыруға өз үлестерін қосты.

Төккен тердің еткен еңбектің қайтарымы босқа кеткен жоқ. 1963 жылы совхоз партия, ұйымының кезеңдегі хатшысы Ешмұхан Меңешовтің ұсынысымен коммунистік партияның мүшесі болып қабылданды. Еңбек көрсеткіші бұрынғыдан да арта түсті. Қоғам тарапынан еңбегі жоғары бағаланып «Еңбек ардагері», «Жеңістің 50 жылдығы», бірнеше қайтара «Социалистің жарыстың жеңімпазы» медальдарымен, 1972 жылы облыстық ауыл шаруашылығы бөлімінің грамотасымен марапатталған.

Осылай еңбек ете жүріп Сағынғали, Зауреш апамызбен 1957 жылы 10 қаңтарда отбасын құрып, 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Отанасы «Алтын алқа» иегері. Өздері оқымаса да, балаларының бәріне жоғарғы білім алуына, тәрбиелі болып өсуіне жағдай жасады. Балаларының бәрі де жоғары білімді маман. Бір-бір шаңырақ иелері болып, қоғамның әр саласында, соның ішінде ұстаздық жолында физика, математика, қазақ тілі, дене тәрбиесі пәндері бойынша жас ұрпақты тәрбилеуде өз үлестерін қосып келеді. Өздері кенже ұлы Нұрлығали мен келіні Гүлнардың қолында бала-немерелерінің қызығын көріп тұрып жатыр.

Нұрлығали ауылда Ғ.Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясында еңбек жолын дене тәрбиесінен ұстаздық етуден бастап, 13 жыл бойы осы білім ордасында басшылық жасады. Басшылық жасаған кезеңде оқушылардың  білімі жоғарғы дәрежеде болып «Алтын белгі», «Үздік аттестат» алған оқушылардың саны көп болып жоғары оқу орындарына түсуші оқуышлардың жыл сайын саны артты.

Сағынғали мен Зауреш апай екеуі өздері тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарынан 11 немере, 12 жиен, 7 жиеншар, 1 шөбере көріп, балаларының, құда-құдағай, тума-туыстарының арасында бақытты ғұмыр кешуде.

www.zhaikpress.kz

Қ.Қизағалиев,

Қараоба ауылдық округі бастауыш

ардагерлер ұйымының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале