1.10.2015, 13:02
Оқылды: 38

Өндірістік жарақат: кім қаншалықты кінәлі?

ondiristik jarakat  Облыстық прокуратурада кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Бұған аталмыш мекеме  қызметкерлері  мен    облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма өкілдері қатысты.

Мәжілісті облыс прокурорының міндетін атқарушы Хамидолла Дәуешев жүргізіп, жиында еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу жағдаяттары бойынша қылмыстық істерді тексеру жағдайы талқыланатынын мәлімдеді.

Аталмыш тақырыпта баяндама жасаған облыстық прокуратураның қылмыстық істердің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Абзал Гилим өндірістік жарақаттың жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда биыл өндірісте зардап шегушілердің саны       4 пайызға артыпты. Нақты сандарды сөйлетер болсақ, ағымдағы жылдың 8 айында өңірімізде 69 жазатайым оқиға орын алып, соның нәтижесінде 76 адам зардап шеккен.  Солардың ішінде кәсіпорындарда 18 (13) адам қаза болып,  58 (60) адам түрлі дәрежеде зақымданған. Статисткалық мәліметтер бойынша өндірістегі өлім мен жарақат алу оқиғаларының 80 пайызы жеке меншік нысандарына тиесілі.

-Адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиғалардың негізгі себептерін тексерген кезде, олардың көбі өндірістік жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмағандығынан, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін білмейтіндігінен, сондай-ақ, жұмысшылардың абайсыздығынан  болатынын көріп жүрміз, -деді осы тақырыпта баяндама жасаған Абзал Гилим.

– Жасыратыны жоқ, өндірістік жарақат алу жағдаяты азаймай отыр. Мысалға айтар болсақ, соңғы 5 жылда өндірістік жарақат алу фактілері бойынша қылмыстардың саны 3 есеге өсті, ал 2015 жылдың 8 айындағы көрсеткіштер өткен жылдың 12 айының көрсеткіштерінен асып түсті. Полиция органдарымен ҚР ҚК-нің 156-бабында көзделген еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактілері бойынша 75 сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілсе, соның ішінде 70 пайыздан астамы қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Жиынды қорытындылаған Хамидолла Дәуешев облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшылығына жоғарыда айтылған ұсыныстарды қабылдап, бұл бағыттағы жұмысты ширатуға тапсырма берді.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале