21.09.2016, 10:28
Оқылды: 29

Өнерін әскери өмірмен ұштастырған

%d0%be%d1%80%d0%ba%d0%b5%d1%81%d1%82%d1%807Жуырда Татарстанның астанасы Қазан қаласында үрмелі аспатар оркестрлері арасында өткен V халықаралық «Қазан фанфары» фестивалінде Батыс құрамасы Ұлттық гвардиясының  № 5517 әскери бөліміне қарасты әскери оркестр қатысып, дипломант атанған болатын. Сол оркестр құрамында біздің де жерлесіміздің бар екенін мақтанышпен жеткізе аламыз. Ол әскери оркестрдің аға нұсқаушысы кіші сержант – Еділ Жұматов.

Жасынан өнерге құмартып өскен Еділ Жұматов Қазталов ауылының тумасы. Аудан орталығындағы Қазталов орта мектебін бітіріп, Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінде үрлемелі аспаптар бөліміне оқуға түседі. Оқуын аяқтаған соң, 2007 жылы Атырау қаласындағы № 5546 әскери бөліміндегі әскери оркестр құрамына қабылданады.

Жерлесімізбен кездесудің сәті түсіп, әңгімеге тартқан болатынбыз.

- Ол кезде оқуды аяқтағаным болмаса, көп тәжірибем де жоқ. Әскери бөлімнің құрама оркестрінің құрамына қабылдандым. Содан мен алғаш рет сол оркестрде өнер көрсеттім. Кейін 2009 жылы Орал қаласындағы № 5517 әскери бөліміне ауысып, әскери оркестрдің аға нұсқаушысы болып жұмысқа қабылдандым. Бүгінгі күнге дейін осы бөлімде қызмет етіп жүрмін.

Біздің оркестр көбінесе шерулерге, мәдени-әскери шараларға қатысады. Сондай-ақ, бөлімде жауынгерлер тәуліктік жасаққа түсерде әуендер ойнап, патриоттық әндер орындайды. Кейде мерекелік күндері бөлімде ұйымдастырылатын концерттерге де атсалысамыз. Көптеген халықаралық дәрежедегі фестивальдер мен конкурстарға қатысып жүрміз.

Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай «Арпалысып жүріп алған абырой – өмірдің еш шырын рахаты» - демекші осы жерде әскери қызметте жүріп, Отанымызды қорғауға өз үлесімді қосып жатқанымды мақтан тұтамын,- деп түйіндеді өз әңгімесін Еділ ініміз.

Өнерін әскери өмірмен ұштастырған Еділдің бүгінге дейін жеткен жетістіктері бір басына жетерлік. Көптеген алғыс хаттармен және медальдармен марапатталған. Өз алдына түтін түтетіп, жұбайы Жанар екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп өсіруде.

Көзінде алаулаған оттың ұшқыны бар, болашағына үлкен үмітпен қарайтын Еділдің бағындырар биіктері әлі алда деп сенеміз. Абыроймен атқарып отырған қызметіне сәттілік тіледік!

Қайрат ЖАҚЫП

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале