21.07.2016, 11:38
Оқылды: 22

«Өрле, ауылым!» жалғасуда

DSC_0172         Ақжайық ауданында жастардың «Өрле, ауылым!» атты керуені жалғасуда. Осыған дейін үш ауылда болған қыз-жігіттер тобы Ақжол, Ақсуат, Алмалы және Тайпақ ауылдық округтерінде сапарларын жалғастырды.


Еңбек ұжымдарымен, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды. Мәдениет ұяларындағы озық істер насихатталды, ауылдардың мақтанышы болып табылатын шаруалар, кәсіпкерлердің еңбегі өнеге ретінде алға тартылды.

Жұбан ауылы кітапханасының меңгерушісі, ақын Мейірман Шәкенов жүргізген жүздесулерде еліміз Тәуелсіздігінің ширек ғасырында халқымыз қол жеткізген жетістіктер, өңіріміздегі игі өзгерістер кеңінен баяндалды.

Содан соң кезек ән-жырға берілді. Топ құрамындағы тайпақтық балауса ақын Әнуар Аманжолов ел-жұртқа тілегін әсем жырларымен арнаса, Жаңабұлақ орта мектебінің кітапханашысы Әсет Бисенғалиев та көпшілікті өршіл өлеңдерімен баурады. Жаңабұлақтық өнерпаз Азамат Жәрдемов ән әуелеткенде әлеумет қошеметпен қол соқты. Осы жолғы сапарға «Өрле, ауылым!» туралы әлеуметтік желіден біліп, қызығып келген жаңақалалық айтыскер ақын Орынбек Меңдіғұлов та жырсүйер ағайынның көңілін бір түлетті. Керуенге Ақжолдан қосылған жас әнші Азамат Ізтілеуов те өрге жүзген өнерімен қуантты.

Бекем БЕКҰЛЫ
Ақжайық ауданы
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале