27.10.2015, 14:30
Оқылды: 57

Өткенді білгеннің өркені өседі

экспедиция 2Ақжайық ауданының Тайпақ ауылындағы Краснояр орта мектебініңжас өлкетанушылары өздерінің жетекшісі, ұстаз Болат Дошаевтың басшылығымен «Ескіесім – Байбарақ – Базаршолан – Тайпақ» маршруты бойынша экспедицияда болды.

Алдымен олар пароммен Бұхар бетке шығып, Базаршолан ауылына жақын орналасқан Ескіесім мекеніне келіп, ауыл жанындағы қорымға ат басын тіреді. Хандық билікті жоюға әрекет еткен патша үкіметінің «бөліп ал да, билей бер» деген сұрқия саясаты, Жайық бойындағы Краснояр бекінісі маңында 1797 жылғы 27 наурызда Есім ханның өлтірілуі жайында ауылда өткізілген сабақтан шәкірттер көп ой түйді.

Базаршолан ауылынан 18 шақырым жердегі Байбарақ батыр кесенесі (2014 жылы салынған) алыстан жарқырап, аппақ болып көрінді. Байбарақ батыр жас кезінде қалмақтар қолына түсіп, кейін қашып шығып, құтылғасын ата жауына қарсы жорыққа қатысқан. 14 жасында қалмақ батырын жекпе-жекте тізе бүктірген.

Базаршолан орталығындағы Ғабдолла Махамбетов атындағы орта мектеп мұражайының жетекшісі Орынша Ғизатқызы ауыл тарихы, еңбек және соғыс ардагерлері туралы молынан хабардар жасады. Базаршолан ауылы 1932 жылы салынған. Кеңес үкіметі орнағанға дейін Калмыково форпостына қарама-қарсы осы мекенде үлкен айырбас жәрмеңкесі болған. Мал өнімдері, ірі, уақ мал азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттарға айырбасталған. Базарлы ел болғасын – Базаршолан аталған, революцияға дейін Соналы болысы орталығы болған. Осы болысты ұзақ жыл басқарған болыс Ақшолақ Сарығожин 1888 жылы мектеп салдырған.

Бүгінде ауыл орталығындағы сәулетті білім ордасы Ғабдолла Махамбетов атындағы мектеп – кезінде оны басқарған екі Ленин орденінің иегері осы атамыздың атымен аталады. Мектеп директоры Қанапия Таспайұлы экспедицияға көлікпен көмектесті. Ұл-қыздар сапардан өте жақсы әсермен, өлке тарихын білуге деген құштарлықпен оралды.

www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале