27.04.2016, 15:28
Оқылды: 23

Өткен күндердің сәулесі

Janakala 4ernobil      26 сәуір күні Жаңақала ауданындағы рухани орталықта Чернобыль атом электр станциясында болған апатты жағдайға отыз жыл толуына орай «Өткен күндердің сәулесі» атты дөңгелек үстел өтті. Оғанаудан әкімі Л.Хайретдинов, Чернобыль апаты кезінде апаттың бетін қайтаруға атсалысқан жерлестеріміз, о дүниелік болған құрбандардың жесірлері қатысты.


     Чернобыльдегі жарылыс пен апат салдарынан біздің облыс бойынша 3 мыңнан астам адам зардап шегіп, 300 адам құрбан болды.

    Чернобыль құрбандарын еске алуға арналған жиынға арнайы қатысқан аудан басшысы Л.Рашидұлы апат орнында жұмыс істеген жерлестеріміздің еңбегін ерлікке балап, құрбандардың отбасыларына сөз арнады. Күллі әлемді дүр сілкіндірген осы бір апат орын алған жерде ерікті-еріксіз түрде болып қайтқан азаматтарға арнап ауданда ескерткіш орнату қажеттігін тілге тиек етіп, бір топ чернобыльдықтарды арнайы Алғысхатпен марапаттады.

    Шарада сөз алған Жаңақала аудандық ауған соғысы, Чернобыль атом электростанциясы, Семей ядролық полигоны ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абай Ғабдуллин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Шапиқов сөз алып, АЭС-гі жағдайды қалпына келтіру үшін арпалысқан азаматтардың өмірлеріне зор қатер төнгенін және олардың көбінің бүгінде арамызда жоқ екенін қынжылыспен баяндады. Шын мәнінде Қазақстаннан Украинадағы апаттың бетін қайтаруға 22 мың адам аттанса, бүгінде оның 4900-ы ғана арамызда жүр.

     Ал чернобыльдіктер С.Иманғалиев, Е.Жолдыбаев, Х.Тлеушовтер сол жылдардағы оқиғаны еске алып, кейінгі жас буынға айтып өтіп,  қойылған сұрақтарына жауап берді.

www.zhaikpress.kz

Н.ЕСЕТОВА

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале