28.08.2015, 16:54
Оқылды: 52

Өткен ғасырдың шатырашын қайта «тірілтті»

 Otken gasir watirawi02   Ата-бабаларымыз кәдімгі дойбыны, бұрынғы тілмен айтсақ – шатырашты сүйіп ойнаған. Ақжайық ауданының Мерген ауылындағы қария, бүгінде 70-тен асқан Аманғали Қайсағалиев осы халықтық ойынның тақтасы мен тастарын жаңғыртты.

– Менің атам Бекеш Байарыстанов,-дейді ол,- 1876 жылы дүниеге келген. 1945 жылы дүние салған. Астраханда балық аулаумен, басқа да кәсіппен айналысқан, төрт түлік мал өсірген кісі болыпты. Тірліктен қолы қалт ете қалғанда шатырашты өте ұнатып ойнапты. Тіпті үйіне келген кісіге «ең болмаса, бір жол ойнашы» деп жібермеген. Тақтасын да, тастарын да өзі жасаған. Мысалы, тастарды түйе өркеш, т.б. қалыпта ойған. Кейіннен сиыр сирағынан жасаған, он екісі сүйектің – өз түсі, он екісін қынамен бояған. Сол сүйек шатыраш анамыздың көне сандығының түбінде көп жыл сақталды.

Әкем Қайсағали соғыстан 1945 жылы маусым айында аман-есен оралып, малшы болды. Қолы босағанда, екеуміз ойнап жүрдік. Тақтасының төсегі қалың, терме алаша іспетті, екі жағының шашағы бар, еш бояусыз ақ жүн, қара жүннен тоқылған еді. Соның бәрі жұртымыздың қолөнерінен де сөзсіз хабар беретін. Басқа ауылдарда да осындай шатыраш болғаны сөзсіз деп ойлаймын.

50-ші жылдары фабрикалар шығарған дойбылар келді ауылға. Соған «ауып» кеттік. «Сүйек шатыраш ескінің көзі, көрсетпе» деген сөз болды. Және анам Меруетті «молданың тұқымы, намаз оқиды» деп, сөзге іліктірді біреулер. Аталары тәркілеуге ілініп, қорқып қалған ол намазын қойып, Құран кітаптарын жасырып, біреулерге беріп жіберді. Көнеден қалғанды көрсетуге өте сақ қарады. Атамнан қалған әлгі шатыраш Мерген ауылында 1957 жылға дейін тек біздің үйде сақталды.

Осындай ескіні Аманғали аға жаңғыртуды ұйғарды. Балауса шағынан-ақ ер-тұрман, қамшы, домбыра, сыбызғы, бесік, тұрмыстық талай дүниені жасауды үйренген ол үшін шатырашты жасау қиынға түспеді. Кейінгілер атам қазақ малдың мүйізін, жүнін, терісін, сүйегін, тұяғын өнерге, тірлікке қандай керемет пайдалана білгенін ұғынса деген мақсат қой қариянікі. Шаршыны киізден жасап, ал тастарын мал сүйегінен кесіп, ойды. Орнықты, ұстауға қолайлы ерекше мүсін болып шыққан. Айта кетейік, бүгінде дүкенде, базарда сатылатын, көбінесе арзан тақтай немесе қағаздан жасалған тақта мен әбден жеңіл, яғни салмақсыз дойбы мен шахмат тастарына жұрттың көңілі толмайтыны рас.

www.zhaikpress.kz

Болат ЕСҚАЛИЕВ

Ақжайық ауданы

Суреттерде: Аманғали Қайсағалиев және ол жасаған шатыраш тақтасы мен тастары.

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале