8.07.2016, 0:04
Оқылды: 46

Өңіріміздегі халықтық дәстүрлі өнердің дамуы туралы баспасөз мәслихаты өтті

brifing kultura   Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өңіріміздегі халықтық дәстүрлі өнердің дамуы туралы баспасөз мәслихаты өтті.

   Шарада облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов және облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медхат Қамбетов тақырыпқа сай баяндама жасады. Дәулеткерей Атауұлы облысымыздағы халық өнерпаздарының осыған дейінгі айтулы жетістіктеріне жан-жақты тоқтала келіп, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.


   - Биыл – халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін ұлық мереке – Ел Тәуелсіздігіне 25 жыл. Бұл жылы да дәстүрлі өнер, қазақ халқының інжу-маржандары мен дүлдүлдерінің мерейтойлары үлкен өнер төріне аяқ басады. Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың ІІ жартыжылдығы маңызды шаралармен айшықталады. Оның ішінде: Жыр-терме өнерінің ардақтылары - Жақсылық Сәрсенғалиев, Қалампыр Рахимова, Қаламқас Орашевалардың есімін ұлықтауға арналған «Термелетіп жырлайын» республикалық дәстүрлі термешілер байқауы; Қаратөбе ауданында Халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған «Сары дала сағынышы – сал Мұхит» республикалық әншілер байқауы және Батыс Қазақстан облысының аудан, қала көркемөнерпаздарының «Тұғыры биік – Тәуелсіздік» халық шығармашылығы фестивалін үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап белгіленген кестеге сәйкес өткізу жоспарлануда. Фестиваль облыстық мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында өтеді. Оған қала, аудан орталықтарындағы «Халықтық», жанрлық көркемөнерпаздар ұжымдары қатысады және қолөнер шеберлерінің көрмесі облыс жұртшылығының назарына ұсынылады. Фестивальдің қорытынды Гала-концертіне үздік деп танылған өнер ұжымдары қатысады. Ал 2017 жылы атақты күйші-сазгер Мәмен Ерғалиұлының 150 жылдығына арналған «Күй күмбірі – дала дүбірі» аймақтық-республикалық домбырашылар байқауы, Марабай жыраудың 175 жылдығына арналған «Жыр дүлдүлі - Марабай» республикалық жыршылар байқауы, қолбасшы батыр, би, шешен Сырым Датұлының туғанына 275 жылдығына «Сайын дала Сырымы» республикалық ақындар айтысы, 2018 жылы күйші-сазгер, домбырашы, күй өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлының 195 жылдығына арналған «Күй атасы» аймақтық-республикалық домбырашылар байқауы, «Жайық айтысына – 60 жыл» облыстық ақындар айтысын өткізу жоспарлануда. Айтыс өнерін дамытуға үлес қосқан аға-апаларымыз өте көп. Солардың бірі Кенжеғали Балабасов алдымыздағы 15-ші шілде күні 75 жасқа толады. Елімізге танымал ақын Бауыржан Қалиолла эстафетаны лайықты қабылдап алып, айтыс өнерінің дамуына мұрындық болып келе жатыр. Кеше ғана шәкірті Бауыржан Ширмеденов республикалық айтыстың бас жүлдесін жеңіп алды, - деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов.

   Жиын соңында Астана күніне орай өткізілген республикалық айтыстан бас жүлдемен оралған жерлесіміз Бауыржан Ширмединұлы сайыстан алған әсерімен бөлісті.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале