23.05.2018, 22:32
Оқылды: 104

Оралда екі мыңдай мәдениет қызметкері қатысқан «Мәдени квест-2018» шарасы өтті

 

 Бүгін мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған «Мәдени КВЕСТ-2018» шарасы Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында өтті. Бұл мереке ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні болып бекітілген 2014 жылдан бастап тойланып келеді.


 

 Бұл шара ағымдағы көп шаралардан өзгеше болды. Әдетте мерекені ұйымдастыратын мәдениет қызметкерлері бұл шарада басты қонақ болды. Оларға саябақ ішінен түрлі мақсаты бар аллеялар әзірленген. Мәдениет ардагерлеріне құрмет «Мәңгілік мәдениет» аллеясына олардың тал егуімен басталды. «Ескірмейтін естеліктер» аллеясында мерекеде бас қосқан мәдениет майталмандары естелік суретке түсті. «Экскурсия» аллеясында мәдениет қызметкерлерін саябақтағы шағын пойыз алып кетті. «Уақыт сиқыры» аллеясында түрлі түсті түтін арасынан сайқымазақтар шығып, уақыттың сиқыры мен ғажайыптарына арналған театрландырылған қойылым көрсетті. Мереке иелері саябақтағы жаяу көпірге көтеріліп, Шаған өзені үстіндегі қайықтарда құттықтаушылардың шеруін тамашалады. Тілек тілеп, қағаз қайықтарын суға жіберді.

«Талант» аллеясында қолөнер жәрмеңкесі өтсе, «Этноауыл» аллеясында мереке иелері мен қала тұрғындарына арналып киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылған. Әнші, күйші, термешілер де осы жерден табылды. «Өнер жағалауы» аллеясында спектакльден үзінді қойылды.

«Мәдени КВЕСТ-2018» сахна алаңына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов көтеріліп, мәдениет қызметкерлерін құттықтап, марапаттар табыстады.

Шарада облыс әкімінің алғыс хатымен Орал қалалық кітапхананың кітапханашысы Гүлнұр Алғазы, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік испекцияның маманы Абзал Байбеков, Орал қалалық мәдени ағарту бірлестігінің әдіскері Анаргүл Бимұқанова, БҚО мемлекеттік архивінің Сырым аудандық филиалы директоры Ардақ Шермұқанова, Островский атындағы театр артисі Алексей Егоров, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртісі Айнагүл Жанахметова,  Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының ұйымдастырушысы Талғат Мықи марапатталды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің құрмет грамотасымен БҚО тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Марина Мырзағалиева және БҚО тарихи-өлкетану музейінің экспозиция және көрмені жабдықтау бөлімінің ғылыми қызметкері Рысты Кажушева марапатталды. «Қазақстан музейлері» атты құнды жинақты әзірлеудегі зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хатымен БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев марапатталды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің дипломы және 1 миллион теңгенің сертификаты «Рухани қазына-2018» республикалық байқауында «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музей» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған БҚО тарихи-өлкетану музейінің Сырым аудандық филиалы – Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне табысталды.

«Мереке адам» мәдени аталымымен Виктория Нұралиева (Теректі ауданы), «Көркем әлем» аталымымен Жәнібек аудандық мәдени демалыс саябағы, «Мәдениет мәртебесі» аталымымен Бөрлі ауданының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі, «Шынайылық шыңында» аталымымен Бөкей ордасы тарихи музей кешені, «Көркемдік жаны» аталымымен Серік Тоқмамбетов (Сырым ауданы), «Мәдениет еріктілері» аталымымен Олжас Сейтімов (Орал), «Жыл ғажайыбы» аталымымен «Қыз Жібек» термешілер ансамблі (Қазталов ауданы) марапатталды. Мерекелік шара Ақ Жайық өнерпаздарының концертімен және отшашумен тәмамдалды.

kvest (10) kvest (5) kvest (13) kvest (2) kvest (14) kvest (11) kvest (9) kvest (1) kvest (12)

 

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

суретке түсірген автор

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале