11.06.2019, 12:23
Оқылды: 87

1-сыныпқа қабылдау электронды түрде жүргізіледі

Облыста биылдан бастап 1-сыныпқа баратын оқушылар мектепке электронды түрде тіркелетін болады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынған қанатқақты жоба еліміздің бірқатар өңірінде қолданысқа енген. «Еgov.kz» порталы арқылы көрсетілетін аталмыш қызмет түрі санаулы уақыт ішінде жұртшылықтың көңілінен шығып үлгерген. 

5

Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Светлана Темірғалиеваның айтуынша, жалпы білім беретін мектептерге құжаттарды қағаз жүзінде және электронды қабылдау мемлекеттік қызмет реестрінде бұрыннан бар қызмет. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2018 жылғы 28 мамырдағы №133 қаулысына сәйкес 2019-2020 оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш аттайтын батысқазақстандық бүлдіршіндердің құжаттарын электронды нұсқада қабылдау тұңғыш рет жүзеге аспақ.

-Білім беру мекемелеріне балаларды қабылдау және мектептен мектепке ауыстыру талаптары мен қажетті құжаттар тізімі Орал қаласы мен аудандардағы интернет ресурстарда орналастырылған. Мәселен, Орал қаласындағы білім беру мекемелеріне құжаттарды тапсыру school.bilim-oral.gov.kz арқылы жүзеге асады. Ата-аналар үйде немесе жұмыста отырып-ақ тұрғылықты жері бойынша мектепті іздеп тауып, мектеп пен мұғалімдердің рейтингімен таныса алады. Сонымен қатар қалаған мектебіне 1-сыныпқа қабылдауға немесе мектептен мектепке ауысуға өтініш беріп, өтінімнің қабылданғаны туралы хабарлама ала алады. Электронды жүйенің ешқандай күрделілігі жоқ. Басты артықшылығы – ата-аналардың уақыты үнемделеді, қағазсыз құжат айналымы және сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді,-дейді Светлана Ибрагимқызы.

Маманның айтуынша, 1-сыныпқа қабылдау үшін баланың мекенжай анықтамасы талап етілмейді. School.bilim-oral.gov.kz сайты арқылы ата-ана үлгі бойынша өтініш толтырған соң баласының туу туралы куәлігі мен денсаулық жағдайы туралы №026/у-3 және 063/у нысанындағы анықтамаларды 3х4 көлеміндегі 2 фотосуретті жүктеуі тиіс.

Құжаттар 1 маусымнан 30 тамызға дейін қабылданады. Ал құжаттарды электронды түрде тапсыра алмайтын ата-аналар бұрынғысынша, мектепке барып тапсыра алады.

-Ата-аналарға өздері қалаған кез келген мектепті таңдау құқығы беріледі. Дейтұрғанмен, мектептердің мұндай оқушыны өз аумағындағы барлық оқушыларды қамтығаннан кейін ғана қабылдай алатынын ескерген жөн. Ал дарынды балаларға арналған мектептер мен лицей-гимназияларға оқушылар қабылдау емтихандарының нәтижесі бойынша ғана қабылданады,-дейді С. Темірғалиева.

Электронды құжат тапсыру барысында туындаған сұрақтар мен мәселелер бойынша облыстық білім басқармасының 26-04-65 нөміріне хабарласуға болады.

Динара Жұмабекқызы,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале