4.05.2016, 19:27
Оқылды: 19

100 жылдыққа – 100 түп көшет

100 koshet    Қаламыздағы медицина саласының қызметкерлері Қазақстан  халқы бірлігі күні мерекесін қызғылықты әрі пайдалы іспен өткізді. Олар ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Батыс Қазақстан медициналық колледжіне 100 жыл толу мерейтойына орай оқу орнының аумағына жүз көшет отырғызды. Тал-терек отырғызуға қаладағы барлық медицина ұйымдарынан мыңдаған адам қатысты.


     Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов игі бастамаға үлес қосқан өңірдегі медицина саласының қызметкерлерін мерекемен құттықтап, Қазақстанды мекендеген 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың достығы мен ынтамағының арқасында елімізде бүгінгідей бейбіт заман орнап тұрғандығын айтты.

     -        Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған өңіріміздегі оқу орындарының арасынан алар орны ерекше, өзіндік тарихы бар медициналық колледжімізге 100 жыл толып отыр. Осы айтулы мереке аясында бүгінгі күні колледж аумағына жүз түп тал-терек отырғыздық. Сенбілікке қатысып отырған ақ халатты абзал жандардың басым көпшілігі - осы оқу орнында медициналық білім алып, өмірде өз жолын тапқан жандар. Өз араларында жас-кәріге бөлінбей, осы іске бір кісідей жұмылғандығы көңіл қуантады. Әрі осындай игілікті іс жасап, өз қолымен тал-терек отырғызып, артында із қалдыру кім-кімге де абыройлы іс деп білемін. Бұл басталған жұмыстар терек егумен ғана шектелмей, жаз айларында оларды қамқорлығымызға алып, уақтылы күтім жасап, өсіп кетуін қадағалайтын боламыз, - дейді Қамидолла Ирменов.

     Бұл күні коледж аумағына қайың, терек, қара ағаш тұқымдас талдармен қатар, әр түрлі гүл көшеттері де егілді. Сала қызметкерлері  көшет отырғызып болған соң, концерт көріп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

www.zhaikpress.kz

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале