26.03.2020, 16:57
Оқылды: 547

БҚО-ның 120 елді мекенінде интернет жылдамдығы нашар

Сондықтан мұғалімдер тапсырмаларды қағаз бетіне түсіріп, әр оқушымен жеке жұмыстанатын болады. Бұл жайлы бүгін өңірлік коммуникациялық қызметі өткізген онлайн брифингте  облыстың білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова баяндады.

Безымянный

Пандемия кезінде білім беру ұйымдарындағы оқушылар мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету, коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында біраз шаралар қоға алынғаны белгілі. 13 наурыздан бастап білім мекемелерінде мәдени және спорттық шараларды өткізу, оқушылардың түрлі  шараларға қатысуы тоқтатылды. Мектеп оқушылары 5 сәуірге дейін көктемгі демалыста. Ал 16 наурыздан бастап кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары қашықтықтан оқытуға көшірілгені де мәлім.

– Мектепке дейінгі ұйымдар штаттық режімде жұмыс жасауда, алайда ата-аналарға мүмкіндік болса, балаларын балабақшаларға әкелмеу ұсынылды. Білім беру ұйымдары қызметкерлері де  қашықтықтан жұмыс жасауда, олардың жалақысы толықтай сақталады. ҚР Білім және ғылым министрлігі қашықтықтан оқыту бойынша арнайы жұмыс тобын құрды. Оның құрамына қашықтан білім беру саласында жұмыс істейтін «Bilimland», «DDaryn.online», «Күнделік», «Univer», «Platonus», «EduPage», БИЛ, «BTS education», «U-study» және «AGS» сияқты  ұйымдардың өкілдері және педагогтер, әдіскерлер, мектеп директорлары, директорлардың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және жоғары оқу орындарының проректорлары енді. Жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Мысалы, тапсырмаларды беру, олардың орындалуын тексеру, бағалау және кері байланысты қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді енгізу қарастырылып жатыр. Білім алушылар бейне-сабақтарға қатысып, тапсырмалар алып, қажет болған жағдайда педагогтердің өз сыныбымен онлайн-талқылау, бағалау бойынша немесе видеостриминг сервистерін пайдалана алуын қамтамасыз ететін жүйелерді іске қосу да көзделген. Қазіргі таңда министрлікпен оқушылар мен мұғалімдер үшін  пайдаланылатын білім ресурстары ұсынылуда. Бұл ресурстар тегін. Ведомствоның тапсырысына сәйкес «Ел арна» арнасында орыс тілінде, «Балапан» арнасында қазақ тілінде сабақтар көрсетіледі, – деген облыстық білім басқармасының басшысы қашықтықтан өткізілетін сабақтар әдеттегідей 40 минут емес, одан аз болатындығын ескертіп, ата-аналарды қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды.

Сондай-ақ білім басқармасы осы күнге дейін барлық аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінен түскен ақпараттарды сараптап, көкейкесті мәселелерді анықтаған. Олардың шешу жолдарын да қарастырып жатыр. Төртінші тоқсан басталғанға дейін мұғалімдер мен оқушыларға цифрлық ресурстарды пайдалану бойынша әдістемелік көмектер беріледі.

Айымгүл Мақсотқызының айтуынша, көпшілікті толғандырған негізгі мәселенің бірі – интернет жылдамдығы. Мәселен, өңіріміздегі 120 елді мекенде интернет жылдамдығы нашар. Бұл жағдайда мұғалімдер тапсырмаларды қағаз бетіне түсіріп, әр оқушымен жеке жұмыстанатын болады. Қазір арнайы телекурстар мен вебинарлар жасалынған. Аптасына 5 күн 1-11 сынып оқушылары үшін телеарналардан арнайы сабақтар жүргізілетін болады. Қазір мемлекеттік стандарттарға сай келетін екі мыңнан астам сабақ түсірілуде.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале